Президенттің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет жол инфрақұрылымын жақсарту жөніндегі ауқымды мемлекеттік бағдарламаны іске асыруда. Атап айтқанда, ол еліміздің көлік желісін дамытуға бағытталған.
2024 жылы жол-құрылыс жұмыстарының көлемі рекордты 12 мың шақырымға жетеді, оның 8 мың шақырымы еліміздің өңірлерін байланыстыратын стратегиялық маңызы бар көлік күре жолдарын қамтамасыз ететін республикалық жолдарды құрайды. Қалған 4 мың шақырымы – жергілікті маңызы бар жолдар.
Жыл соңына дейін 7 мың шақырым жолдың құрылысы, реконструкциясы және жөндеу жұмыстары аяқталады деп жоспарлануда.
Бүгінгі таңда, мысалы, «Қарағанды – Алматы», «Талдықорған – Өскемен» және «Ақтөбе – Атырау – Астрахан» сияқты ірі көлік күре жолдарын реконструкциялау жұмыстары аяқталады. Бұл жобалар жол жүру уақытын қысқартады, көлік шығындарын азайтады әрі жол қауіпсіздігін арттырады. Аталған жобалардың жалпы ұзындығы – 2 мың шақырым.
Түркістан облысында Шақпақ баба асуында туннель құрылысы аяқталып қалды. Оның ұзындығы – 840 метр. Құрылыс аймақ үшін үлкен маңызға ие, өйткені асу «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің күрделі бөлігі болып саналады. Қазіргі уақытта бетон мен асфальт төселіп, негізгі құрылыс жұмыстары аяқталды. Бүгінде бейнебақылау жүйелерін, желдету және өртке қарсы жабдықтарды орнату бойынша іске қосу-реттеу жұмысы жүргізілуде.
Көлік инфрақұрылымын дамытудағы тағы бір маңызды объект – Алматы облысындағы Шамалған стансасында автомобиль жолы өтпесінің салынуы. Өткелдің ашылуы автокөліктердің темір жолдардан қауіпсіз әрі кедергісіз өтуін қамтамасыз етуі тиіс.
Қазақстанның шығысында ұзындығы 1 316 метр Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір өткелінің құрылысы аяқталуда. Көпірдің өзінен бөлек, жоба жалпы ұзындығы 19 шақырым болатын кірме жолдың құрылысын қамтиды, бұл Шығыс Қазақстан облысында көлік қатынасын жақсартуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта 21 тіректі орнату және 20 металл аралықты монтаждау жұмыстары аяқталды. Көпір мен кірме жолға асфальтбетон жамылғысын төсеу жұмысы жүргізілуде.
Бұл көпір өңір үшін стратегиялық маңызға ие, өйткені бұрын шалғай аудандардың тұрғындары паром өткелін пайдалануға мәжбүр болған. Жаңа көпір жол жүру уақытын қысқартып қана қоймайды, сонымен қатар қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі жол инфрақұрылымын дамытудың 2029 жылға дейінгі ұзақмерзімді стратегиясын одан әрі іске асыруда. Мәселен, бұл бағдарламаға «Ақтөбе – Ұлғайсын», «Қарағанды – Жезқазған» сияқты перспективалы жобалар және Сарыағаш қаласын айналып өту құрылысы енгізілген. Барлық жоба бір мердігер ұйымның жолды жобалап, салуын және кейіннен күтіп ұстауын көздейтін ЕРСМ-келісімшарты бойынша іске асырылатын болады.
Сонымен қатар Қазақстанның оңтүстік және орталық өңірлерін байланыстыратын «Қызылорда – Жезқазған» автожолын реконструкциялау жұмысы басталды. Реконструкция жол төсемін жақсарту, жол жиектерін нығайту және инфрақұрылымды жаңғырту бойынша кешенді жұмысты қамтиды. Бұл жоба ұзақ уақытқа созылған проблемаларды шешуге мүмкіндік береді және осы магистраль бойынша қауіпсіз әрі жайлы қозғалысты қамтамасыз етеді.
Бұған қоса, автожол инфрақұрылымын дамыту шеңберінде ҚДБ арқылы қаржыландырылатын, құрылымды күшейте отырып, жолдарды орташа жөндеудің ауқымды бағдарламасы іске қосылды. Аталған бағдарлама 20 жылдан астам жөндеу жүргізілмеген учаскелермен қоса, 2,5 мың шақырым республикалық жолдарды қамтиды.
Жобалар тізбесіне «Жезқазған – Петропавл», «Қандыағаш – Шалқар – Ырғыз», «Қарағанды – Аягөз – Боғас» және «Семей – Барнаул» жолдарын орташа жөндеуден өткізу енгізілген. Бұл жобаларды іске асыру алдағы жылдарға қауіпсіз әрі жайлы қозғалысты қамтамасыз ете отырып, бүкіл ел бойынша жолдардың жағдайын жақсартуға ықпал етеді.