Президент саябағы – қала келбетінің айнасы

Azattyq-news
3 Min Read

Қызылорда қаласында экологиялық және әлеуметтік бағыттағы жобалар қарқын алып келеді. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында қала абаттандыру, көгалдандыру және демалыс аймақтарын жаңғырту бағытында жүйелі істер атқарылуда. Қоғамдық жауапкершілікті жоғары қоятын қызылордалықтар бұл бастаманы қолдап, өңірдің көркеюіне өз үлестерін қосып келеді.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың бастамасымен аймақтағы барлық саябақтар мен скверлер кезең-кезеңімен қайта жаңғыртылуда. Бұл бағыттағы жұмыстарды қалалық деңгейде үйлестіріп отырған қала әкімі Нұржан Ахатовтың бастамасымен Сыр астанасының келбеті айтарлықтай өзгеруде.

Президент саябағы – заманауи демалыс орнына айналады

Қызылордалықтар мен қала қонақтары үшін ерекше тартылыс орталығына айналатын Тұңғыш Президент саябағы бүгінде толықтай жаңғыртудан өтуде. Мұнда бір мезетте демалыс пен мәдениетті, спорт пен ойын-сауықты қатар ұсынатын көпфункционалды кеңістік құрылып жатыр.

Жоба бойынша саябақ аумағында:

3 аллея,

6 субұрқақ,

5 амфитеатр,

7 балалар ойын алаңы,

4 спорт және 4 workout аймағы,

7 демалыс аймағы,

4 фудкорт пен теннис үстелдері,

сондай-ақ биіктігі 50 метр болатын ойын-сауық аттракционы салынуда.

Сонымен қатар, саябақта би алаңы, стрижбол, жүгіру және веложолақтар, сахна, сарқырама каналдары мен оларды жалғайтын көпірлер, шахмат, баскетбол және футбол алаңдары, сондай-ақ арқан саябағы мен заманауи санитарлық нысандар бой көтеруде.

Ауқымды жобаны «Bi Global» компаниясы жүзеге асыруда.

Балаларға арналған лагерь мен Ботаникалық орталық салынуда

Саябақ аумағында тек демалыс емес, білім мен тәрбиені ұштастыратын нысандар да салынып жатыр. Қазіргі таңда жыл бойы жұмыс істейтін 300 орындық балалар тынығу лагері мен Ботаникалық білім беру орталығының құрылысы қарқын алған.

Бұл аумақта сондай-ақ спорт блогы, түрлі мәдени іс-шараларға арналған event-аймақ, тұрғын корпустар, қонақ үй үлгісіндегі ғимараттар, дәстүрлі киіз үйлер, ашық бассейн, футбол алаңы және сахна салу жоспарланған. Аталған жобаны «Alem Qurylys AQ» ЖШС жүзеге асыруда.

Қала басшылығы – сапа мен мерзімге басымдық береді

Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов пен қала әкімі Нұржан Ахатов нысанда болып, құрылыс барысын тексерді. Мердігер ұйымдардың өкілдерімен кездескен әкім құрылыс қарқынын күшейтіп, барлық жұмысты сапалы әрі уақытылы орындауды тапсырды.

Нұржан Ахатовтың айтуынша, қала тұрғындары үшін заманауи демалыс аймақтары мен қоғамдық кеңістіктер құру – жергілікті әкімдіктің басым бағыттарының бірі.

«Президент саябағы – Сыр елінің жаңа тынысы. Бұл жоба аяқталған соң қала тұрғындары мен қонақтары үшін жаңа мәдени орталық пайда болады. Біз ең алдымен құрылыс сапасына, экологиялық талаптардың сақталуына және демалушылардың қауіпсіздігіне мән береміз», – деді қала әкімі.

Қала мен өзенді байланыстыратын жаңа көпір

Абаттандыру жобаларымен қатар, Сырдария өзені үстінен Тұңғыш Президент саябағын Астана шағын ауданымен байланыстыратын жаяу жүргіншілер көпірі салынуда. Бұл бастама қаланың архитектуралық және инфрақұрылымдық келбетін айтарлықтай өзгертпек.


Қала әкімі Нұржан Ахатовтың бастамалары мен бақылауы нәтижесінде Қызылордада жаңа тыныс қалыптасуда. Президент саябағының жаңаруы – тек құрылыс емес, бұл – қаланың экологиялық мәдениетін, тұрғындардың өмір сапасын және өңірдің тартымдылығын арттыруға бағытталған маңызды қадам.

Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру