Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс сапарымен Қазалы ауданына барды, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.
Аймақ басшысының қатысуымен әлеуметтік осал топтағы отбасылар үшін сатып алынған 120 пәтерлі 60 тұрғын үйдің кілтін табыстау рәсімі өтті. Оған ҚР Парламентінің Сенат депутаты Наурызбай Байқадамов, жауапты сала басшылары, еңбек ардагерлері мен қала тұрғындары қатысты.
Іс-шарада жаңа үйлердің құрылысын жүргізген мердігер мекеменің мамандарына облыс әкімінің Алғыс хаты табысталып, Қызылорда қаласы, Арал, Қазалы және Сырдария аудандарының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Айтбай Көшербаев батасын берді.
Үй беру рәсімінен кейін аймақ басшысы тұрғындармен кездесті. Әлеуметтік-экономикалық дамудың бағыт-бағдары, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асу барысы туралы айтып, ой-пікірлерді тыңдады.
Айта кетейік, өңірде құны 58 млрд. 900 млн. теңгеге 332 мың шаршы метрді құрайтын жаңа 452 көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілген болатын.