Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың алғашқы отырысын өткізді. Оның құрамына 6 саяси партияның, сондай-ақ шамамен 20 республикалық қоғамдық бірлестіктің 250-ге жуық өкілі кірді.
6 қазанда өтетін АЭС салу жөніндегі референдумның Тәуелсіз Қазақстанның болашағы үшін стратегиялық маңызы зор. Сондықтан еліміздегі беделді саяси және қоғамдық ұйымдар АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабқа бірікті. Бұл туралы Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов Штабтың алғашқы отырысында мәлімдеді. Штабтың мақсаты – халықты атом электр станциясын салу жөніндегі прогрессивті идеясының айналасында топтастыру.
«АЭС құрылысы – бұл Қазақстанның алдағы ұзақ жылдардағы табысты дамуының кепілі болатын серпінді жоба. Еліміздегі және әлемдегі барлық озық ойлы тұлғалар атом энергетикасын пайдаланудың тиімділігін жақсы түсінеді. Бұл – ең алдымен, қауіпсіз, сенімді, экологиялық таза жоба. Біз үлкен таңдау алдында тұрмыз. Сондықтан Халықтық штабтың міндеті – ел арасында кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қоғамды АЭС-ті қолдауға жұмылдыру. 6 қазанда өтетін референдум біздің бірлігімізді көрсетеді», – деді ол.
Мәжіліс Спикері бүгінгі таңда энергетикалық тәуелсіздік мәселесі күн тәртібінде алғашқы орынға шыққанын атап өтті. Әлемнің озық елдерінің тәжірибесі атом энергетикасының тиімділігі мен қауіпсіздігін айқын дәлелдейді. Қазіргі уақытта Қазақстан электр энергиясының тапшылығын сезінуде және оны көрші елдерден импорттауға мәжбүр. Сондықтан Халықтық штабтың басты міндеті – қоғамға АЭС салудың маңыздылығы мен артықшылықтарын жеткізу, жұрт арасындағы негізсіз үрейлерді сейілту. Оған қоса, партиялар мен ҮЕҰ-лардың бірлесіп жұмыс істеуде табысты тәжірибесі де бар.
Толығырақ: amanatpartiasy.kz