Қызылорда қаласында соңғы жылдары жол-көлік инфрақұрылымы айтарлықтай дамып, құрылыс қарқыны күшейді. Аймақ басшысының қолдауымен қала мен ауылдық округтерде әлеуметтік нысандар бой көтеріп, тұрғын үйлер мен жолдар жаңарып, жаңа көпірлер салынуда. Сол игі істердің бірі – Қызылөзек ауылдық округіндегі көптен бері апатты жағдайда тұрған «Қожақ» автомобиль көпірінің қайта жаңғыртылуы болды.
Бүгін тұрғындардың көптен күткен арманы орындалып, «Қожақ» көпірі қайта жаңартылып, ресми түрде пайдалануға берілді. Көпірдің ашылу салтанатына ел ағалары, еңбек ардагерлері, зиялы қауым өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Салтанатты рәсімде сөз алған Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов тұрғындарды маңызды инфрақұрылым нысанының ашылуымен құттықтады.
– Бұл көпірдің жағдайы туралы тұрғындар жиі айтып жүрді. Сол талап-тілектеріңіз бүгін орындалды. Аймақ басшысының қолдауымен облыстық бюджеттен 300 миллион теңгеге жуық қаражат бөлініп, көпір толықтай қайта жаңғыртылды. Жаңарған көпір ел игілігіне ұзақ жылдар қызмет етсін, – деді қала әкімі.
Көпірді жаңғырту жұмыстарын «N Строй Сервис» ЖШС мердігер компаниясы атқарды. Сапалы жұмысымен көзге түскен құрылысшыларға қала әкімі алғыс хаттар табыс етті. Сондай-ақ, салтанатты жиында облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Өмірбек Шәменов сөз сөйлеп, ауыл халқын қуанышымен құттықтап, тұрғындардың бірлігі мен еңбегінің жемісі екенін атап өтті.
Шара соңында ауыл ақсақалы көпшілікке ақ батасын беріп, ел игілігіне бағытталған осындай бастамалардың жалғаса беруін тіледі.
Қызылөзек ауылдық округі соңғы уақытта аймақтың ең белсенді дамып келе жатқан елді мекендерінің бірі. Биылдың өзінде округтің инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға 1 миллиард 600 миллион теңге бөлінді. Бұл қаражатқа бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асуда:
Жол құрылыстары қарқын алып, көшелерге күрделі және орташа жөндеу жүргізілуде;
Газдандыру жобасы әзірленіп, құны 26 миллион теңге болатын жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамада қаралуда.
Қала көлемінде соңғы екі жылда 3 жаңа көпір салынды, ал 3 көпір қайта жаңғыртудан, 2 көпір күрделі жөндеуден өтті. Мәселен, Сұлтан Бейбарыс – Жаппасбай батыр көшелеріндегі теміржол үсті көпірі толық жаңартылды. Қазіргі уақытта Жанқожа батыр көшесі арқылы теміржол асты өткелі салынуда.
Бұл істердің барлығы Қызылорданың өңірлік даму орталығына айналып келе жатқанын айқын көрсетеді. Қала мен ауыл арасындағы байланысты күшейтіп, тұрғындардың қауіпсіз әрі ыңғайлы қозғалысын қамтамасыз ететін заманауи инфрақұрылым – аймақтың экономикалық және әлеуметтік өрлеуінің кепілі.
«Қожақ» көпірінің қайта жаңғыруы – тек инженерлік нысанның жаңаруы емес, бұл ауыл халқының өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты қадам.
Аймақ басшылығы мен қала әкімдігінің жүйелі жұмысының арқасында Қызылөзек тұрғындарының көптен күткен тілегі орындалып, ауылдың келбеті жаңарып келеді
