Сырдария ауданында орман шаруашылығы және құтқару саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты шара өтті. Іс-шараға аудан әкімі Берік Сәрменбаев, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, сондай-ақ сала ардагерлері мен қызметкерлері қатысты.
Ерлік пен жауапкершілікке толы мамандық иелері
Салтанатты жиында сөз сөйлеген аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлы орман және құтқару саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі еңбегін жоғары бағалады.
– Биылғы мереке Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі мен ұлттық құтқару жүйесінің құрылғанына 30 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Өзгенің өмірін сақтау үшін өз басын қатерге тігу – нағыз ерлік» деп атап өткендей, құтқарушылар мен азаматтық қорғау қызметкерлері әрдайым сын сағатта елге тірек болуда, – деді аудан басшысы.
Оның айтуынша, соңғы жылдары бұл салада атқарылып жатқан жұмыстар ел қауіпсіздігін нығайтуға, халықтың экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған. Қиын да жауапты сала мамандары кез келген төтенше жағдай кезінде кәсіби шеберлік пен батылдық танытып келеді.
Орман – ұлт байлығы
Берік Сәрменбаев өз сөзінде орман шаруашылығы қызметкерлерінің еңбегін де ерекше атап өтті.
– Қоршаған ортаны қорғау, экожүйені жақсарту, орман-тоғайды көбейту – қоғамды біріктіретін игі іс. Мемлекет басшысы Арал теңізінің құрғаған ұлтанында 1,1 млн гектар жерге сексеуіл егу жөнінде тапсырма берген болатын. Осы істі жүзеге асыруда «Сырдария орман және жануарлар дүниесін қорғау» мекемесінің ұжымы өлшеусіз үлес қосып келеді, – деді ол.
Аймақ басшысының қолдауымен өңірдің орман алқаптарын кеңейту, орман шаруашылығының материалдық-техникалық базасын жаңарту және жаңа технологияларды енгізу бағытында нақты жұмыстар жүргізілуде. Табиғат сақшылары орманды өрттен қорғау, экологиялық ағарту және «Таза Қазақстан» акцияларына белсене қатысып келеді.
Аудан әкімі халқымыздың «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген даналығын мысалға келтіріп, тұрғындарды табиғатты аялауға және орманды молайтуға үлес қосуға шақырды.
Құрмет пен марапат
Мерекелік іс-шара барысында орман және құтқару саласының үздік қызметкерлері облыс және аудан әкімдерінің, сондай-ақ тиісті департамент пен басқармалардың «Алғыс хаттарымен» және медальдармен марапатталды.
Кеш соңында аудан көркемөнерпаздары арнайы концерттік бағдарлама ұсынып, мереке иелеріне көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
