Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дэниел Розенблюммен және USAID Халықаралық даму агенттігі өңірлік миссия директорының орынбасары Моник Мосольфпен кездесті, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.
Басқосуда аймақ басшысы Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасында 30 жылдан бері ашық әрі сенімді өзара қарым-қатынас қарқынды дамығанын атап өтті.
Айта кетейік, 2021-2023 жылдары USAID Халықаралық даму агенттігінің «Оазис» жобасы шеңберінде Арал теңізінің құрғаған ұлтанындағы экожүйені қалпына келтіру мақсатында 150 гектар жерге сексеуіл тұқымы себіліп, көшеттер отырғызылды, 500 метр тереңдікте су ұңғымасы қазылып, пайдалануға берілді.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы 2021-2025 жылдар аралығында Арал теңізінің құрғаған ұлтанындағы 1,1 млн. гектарға сексеуіл екпелерін егуді тапсырған болатын. Биыл 276,2 мың гектар аумақта осы бағыттағы жұмыстар жоспарланған. Қазір 65 мың гектар ұлтанға 19,4 млн. сексеуіл көшеті отырғызылды, алдағы жылы 280 мың гектар алқапқа егіледі.
Бүгінгі кездесуде АҚШ елшісі Америка мен Қазақстанның өзара тиімді әріптестігін әрі қарай дамытуға мүдделі екенін жеткізді.
Өңірге жұмыс сапары барысында Дэниел Розенблюм Қызылорда облысының су шаруашылығы нысандарымен, USAID Oasis жобасының жүзеге асырылу барысымен танысты.