Ардақты ағайын! Құрметті жерлестер!
Сіздерді тіршілік атаулыға үлкен серпін берген көктемнің мерекесі, жаңарудың, берекенің бастауы – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!
Халқымыздың күн мен түн теңеліп, тіршілік түлеген шақты Ұлыстың ұлы күні деп атауында терең мән бар.
Бұл мерекеде жаңғырған Ұлы дала ұлағаты мен ата-бабаларымыздың дәстүрлері бүгінде бірлік пен татулық тұғырын нығайтуға қызмет етуде.
Наурыз мейрамы – бұл дәстүрдің мерекесі, еңбектің мерекесі. Табиғат жаңаша түрленген сәтте адамдар да айналаға ізгі амалдарын жасап, егін егеді, бұлақтың көзін ашады, қайырымдылық танытады. Міне, осының барлығы да Наурызбен тікелей байланысты. Наурыз – жер – жаһанның жаңаруы, ой-сананың кемелденуі кезеңіне саналатыны да осы себепті болса керек-ті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы жыл басында «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында: «Әз-Наурыз – тіршілікті түлете келетін нағыз табиғи жыл басы. Наурыз – жаңару мен жаңғырудың символы. Сондықтан төл мерекеміздің мазмұнын байытып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өтуіміз керек. Бұл қадам қоғамды ұйыстырып, ұлттық бірегейлігімізді айшықтап, ел бірлігін нығайта түсуге ықпал етеді деп сенемін», – деген болатын. Осылайша биылғы Наурызды Амал мерекесінен бастап, Наурызнама онкүндігі аясында ерекше атап өтудеміз. Он күн бойы дәріптелетін адалдық, ізгілік пен қайырымдылық, мейірім мен жанашырлық сияқты құндылықтар Әділетті Қазақстан қағидаларымен толық үндеседі. Жас ұрпақ Наурызнама он күндігінде ұлықталатын осындай жақсы дағды мен асыл қасиеттерді бойына сіңіріп өсері анық.
Наурыз мейрамы – халқымызға құт – берекесімен, ырыс – ынтымағымен келсін!
Ұлыстың ұлы күні игі тілектеріңіз қабыл болып, әр отбасына бақыт пен береке сыйласын!
Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Әр шаңыраққа Қыдыр қонып, бақ дарысын!
Құрметпен, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек НӘЛІБАЕВ