Нұрымбет Сақтағанов ШҚО әкімі болып тағайындалды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді , деп хабарлайды “Азаттық-Ньюс” Ақпараттық агенттігі.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Нұрымбет Аманұлы Сақтағанов Шығыс Қазақстан облысының әкімі лауазымына тағайындалды», – делінген ақпаратта.
Нурымбет Аманұлы 1970 жылы Түркістан облысында дүниеге келген. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін, Мәскеу мемлекеттік экономика, статистика және информатика университетін, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін бітірген.
Еңбек жолын 1992 жылы Қызылорда облысының Сырдария ауданындағы №172 орта мектепте оқытушы ретінде бастаған. Әр жылдары мемлекеттік қызмет, соның ішінде кеден органдарында жауапты басшылық қызметтерде болған.
ШҚО әкімінің орынбасары қызметінде Даниал Ахметовтің сенімді көмекшісі әрі Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың жақын серіктесі болды. Жаңа тағайындауға дейін ШҚО әкімінің орынбасары қызметін атқарған.
Айта кетейік, оның алдындағы әкім Ермек Көшербаев вице-премьер болып тағайындалды.