Қазақстан қор биржасы KASE бүгін иелері қатарында Боранбаев бар Phystech II компаниясы акционерлерінің тізілімінен үзінді жариялады.
Құжатта 1 шілдедегі жағдай бойынша Phystech II АҚ-ның жалғыз акционері қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті екені көрсетілген.
KASE-те компанияның 13 749 100 акциясы орналастырылған, оны акционерлер өткен жылы “ерікті түрде және тегін” мемлекетке өткізген, бірақ құжаттарды соңына дейін рәсімдемеген.
Phystech II Маңғыстау облысындағы Солтүстік Қаражанбас кен орнында мұнай өндіреді, компания құны 35,5 млрд теңгеге бағаланды.
Бұған дейін Боранбаев мемлекетке өз еркімен тапсырған мүлік пен шоттағы ақшасы хабарланды.
Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, Қайрат Боранбаев мемлекетке өз еркімен мыналарды өткізді:
- “Азия Газ Чунджа” газ тарату компаниясы – 14 миллиард теңге;
- “ҚазҚұбырЖөндеу Сервистік Орталығы” ЖШС мұнай-газ жабдықтарын өндіру және жөндеу зауыты – 9 миллиард теңгеден астам.
Назарбаевтың бұрынғы құдасының мемлекетке қайтарылған мүлкі 123,5 миллиардтан астам теңгеге бағаланып отыр.
Сондай-ақ ол Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 66 млн доллардан астам, яғни 30 миллиард теңгеден астам қаражат аударды.
Айта кетейік, 2023 жылдың наурыз айында сот шешімімен кәсіпкерден мемлекет пайдасына мыналар тәркіленді:
- құны 686 миллион теңге болатын Алматы қаласындағы Әл-Фараби, 77/7-1 мекенжайындағы коммерциялық үй-жай жер телімімен қоса алғанда;
- “Халық банк” шотындағы 1,27 миллиард теңге қаражат;
- “Халық банктегі” түрлі шоттардағы 7 миллион доллардан астам қаражат.
Сонымен қатар, 2022 жылдың сәуірінде ол қамауға алынғаннан кейін бір айдан соң Боранбаевтың бақылауындағы ақылы автотұрақтар Алматы әкімдігіне қайтарылды. Бұл “Алматы СпецТехПаркинг сервис” ЖШС-ның 70%-ін және “Alan Parking” ЖШС-ның 100%-ін құрайды.