ҚР Президентінің кеңесшісі Ернар Баспаевтың төрағалығымен өткен мәжілістің күн тәртібінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы мен «Таза Қазақстан» республикалық акциясын іске асыру барысы талқыланды, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.
Айта кетейік, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста 12 300 орынға есептелген 21 мектеп салынады. Өткен жылы 6900 орындық 10 мектептің құрылысы басталды. Биыл 5400 орындық 11 мектептің құрылысы қолға алынады деп күтілуде.
Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына аймақ жұртшылығы белсенді қатысты. Бастаманы жыл соңына дейін жалғастырудың іс-шаралар жоспары бекітілді.
Акция кезінде өңірдің барлық елді мекенінде санитарлық тазарту, абаттандыру және көркейту-көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» тақырыптарында бес кезең бойынша апталықтар ұйымдастырылды. Оған 222 мыңнан астам ерікті, қоғам қайраткерлері, бюджет саласы мен кәсіпорын қызметкерлері қатысты. Іс-шара барысында 9 мың тоннадан астам қоқыс қалдығы шығарылды, елді мекендердегі 505 сквер мен парк, 225 тарихи мәдени ескерткіш, 791 әлеуметтік, 1248 өнеркәсіп және бизнес нысаны, 289 су объектісі, 27150 аула мен көше бойы тазартылды. Оған 500-ден астам техника жұмылдырылды.
Көркейту-көгалдандыру жұмыстары да қарқынды жүргізіліп, өңір климатына жерсінетін 129 358 түп қарағаш, терек және Сыр талының көшеті егілді. Облыста атқарылған жұмыстар туралы материалдар республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды.
Өңірде жыл сайын «Үлгілі елді мекен» конкурсы өткізілуде. Өткен жылы 1 млрд.теңге бөлініп, үздік атанған елді мекендерге 29 техника табысталды. Биыл 436 млн.теңге бөлініп, 19 арнайы техника сатып алынуда.
Бұған қоса, облыс орталығы мен барлық ауданда жыл сайын «Үздік аула» конкурсын өткізу дәстүрге айналған.