ҚР парламенті мәжілісінің депутаты Мұрат Ергешбаев жұмыс сапарымен Шиелі ауданында болды, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.
Сапар барысында халық қалаулысымен бірге AMANAT» партиясының облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов, облыстық мәслихат депутаты Дәулет Жұмбеков, аудан әкімінің орынбасары Алмат Алдабергенов, аудандық мәслихат төрағасы Мұрат Тұрабаев және партияның аудандық филиалының төрағасы Болат Сыздық бірге болды.
«РУ-6» ЖШС ҰЖЫМЫМЕН КЕЗДЕСУ
Мұрат Нәлқожаұлы алғаш болып «РУ-6» ЖШС-нің жұмысымен танысты. Қазіргі таңда бұл өндіріс орнында 2500-ден астам азамат тұрақты түрде еңбек етуде. Компания Қызылорда облысындағы Солтүстік және Оңтүстік Қарамұрын кен орындарында уран өндірумен, қалдықтарды қауіпсіз өңдеу және жою жұмыстарымен айналысады. Кездесу барысында жұмысшылар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлерге құлақ түрілді.
30 ОРЫНДЫҚ ЖҰҚПАЛЫ АУРУЛАР БӨЛІМІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ
Халық қалаулысы аудан орталығында салынып жатқан 30 орындық жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысымен танысты. Жобаның құны – 2,3 млрд теңге. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 92%-ы аяқталған. Құрылыс алаңында 70-ке жуық жұмысшы еңбек етуде, оның ішінде 15-і — жергілікті тұрғындар. Жаңа медициналық бөлім жұқпалы ауруларға жедел ден қоюға, заманауи талаптарға сай ем-дом жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту мен жергілікті тұрғындарды сапалы медициналық қызметпен қамту бағытындағы маңызды жобалардың бірі болып табылады.
«АУЫЛ АМАНАТЫ» АЯСЫНДАҒЫ БИЗНЕС-ИНКУБАТОР
Келесі нысан – «Ауыл аманаты» жобасы аясында ашылған бизнес-инкубатор болды. Тапсырыс беруші – Шиелі кенті әкімінің аппараты. Жоба құны – 15,7 млн теңге. Қазіргі таңда бұл орталықта:
• ЖК «Жұлдызай» – кондитерлік цех,
• ЖК «Нұрислам» – жарнама агенттігі,
• ЖК «Бақымова» – аниматорларға арналған тігін шеберханасы,
• ЖК «Кәусар» – жартылай дайын өнімдер өндіру,
• ЖК «Орда» – қағаз майлықтар шығару цехы
сияқты кәсіптер жұмыс істеуде. Аталған жоба арқылы аудан тұрғындары өз кәсібін дөңгелетіп, табысын арттыруда. Бұл бастама ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және кәсіпкерлікті дамытуға зор серпін беруде.
ОҚУШЫЛАР ҮЙІ МЕН ӨНЕР МЕКТЕБІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ
Сапар соңында Мұрат Ергешбаев 200 орындық оқушылар үйі мен 50 орындық өнер мектебінің құрылыс алаңында болып, жұмыс барысымен танысты. Құрылыста 50 адам еңбек етуде, олардың 70%-ы Шиелі кенті мен жақын маңдағы ауылдардың тұрғындары. Мәжіліс депутаты бұл нысандардың жергілікті жастардың шығармашылық және білім деңгейін арттыруға елеулі үлес қосатынын атап өтті.
Жұмыс сапары барысында халық қалаулысы әлеуметтік, экономикалық және инфрақұрылымдық мәселелердің оң шешілу жолдарын талқылап, нақты ұсыныстарын білдірді.