Үкімет отырысының күн тәртібінде туризмді дамыту мәселесі қаралды. Одан кейін арнайы мәжілісте облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мәселенің маңыздылығын баса айтып, жауапты басшыларға бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.
«Елімізде туризмді дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Бұл арқылы біз өңірдің экономикалық жағдайының жақсара түсуіне, әлеуметтік мәселелердің шешілуіне қол жеткіземіз. «Туристік қызмет туралы» Заң аясында мемлекеттік қолдаудың нақты тетіктері айқындалды.
Өткен жылы Үкімет «ҚР Туристік саласын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын» бекітті. Осындай бастамалар мен реформалар туризмнің дамуына тың серпін берді. Өткен жылдың қорытындысымен туризм саласындағы нысаналы индикаторлардың орындалу көрсеткішінде оң динамика қалыптасты. ҚР Туризм және спорт министрлігі бекіткен жоспар аясында салаға салынған инвестиция көлемі 20,7 млрд теңгені құрап, жоспар 201 пайызға орындалды», – деді аймақ басшысы НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ.
Дегенмен, кейбір аудандарда Қызылорда облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес белгіленген меженің орындалу барысы төмен. Нұрлыбек Машбекұлы аудан әкімдеріне қажетті шара қабылдап, жұмыс қарқынын жылдамдатуды тапсырды.
Айта кетейік, биыл өңірдің туристік әлеуетін арттыру бағытында нақты шаралар қабылданды. Сәуір айында Еуроодақ елшілері Сыр өңіріне арнайы келіп, инвестициялық мүмкіндіктермен танысты. Аймақтың туристік тартымдылығын арттыру бағытында жаңа автовокзал пайдалануға берілді. «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалының құрылысы аяқталды. Сондай-ақ, туристер тасымалына қолайлы жағдай жасау үшін 100 экотакси сатып алу жоспарлануда.
Өткен жылдың қорытындысына қарағанда, ішкі туристер саны 113 мың, сыртқы туристер саны 3980 адамға жеткен. Облыста 4195 орынға лайықталған 150 орналастыру жайы бар. 2022 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 112,8 пайызға артты.
Былтырғы жазғы демалыс маусымында облыстағы 13 шағын және 2 ірі демалыс орнына 110 мың демалушы келді, 70 мыңға жуық адамды «Қамыстыбас» және «Ханқожа көлі» демалыс аймақтары қабылдады. Олардың иелеріне алдағы демалыс маусымында қауіпсіздік шараларын күшейту және санитарлық тазалық талаптарын қатаң сақтау жөнінде тиісті тапсырмалар берілді.
Қазіргі уақытта облыста 806 орынға есептелген 5 шипажай жұмыс істейді. Шипажайларға биылғы қаңтар-сәуір айларында 2587 адам келген.
Жол инфрақұрылымы да қарқынды дамып келеді. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік дәлізінің Қызылорда облысындағы бөлігінде 53 жол бойы қызмет көрсету кешені жұмыс жасайды. Былтыр туристерге тартымды орындарда 17 санитарлық-гигиеналық торап талаптарға сәйкестендіріліп, күтіп ұстау шығындары мемлекет есебінен субсидияланды. Биыл 21 нысанға мемлекеттік қолдау шараларын көрсету үшін 21 млн теңге бөлініп, 14 кәсіпкердің субсидиялау туралы өтінішіне комиссия оң қорытынды берді.