ҚР Сыртқы істер вице-министрі бастаған Қызылордаға Еуропалық Одаққа 19 мүше мемлекеттердің елшілері келді. Олар «Қызылорда облысының инвестициялық әлеуеті» тақырыбындағы дөңгелек үстел жұмысына қатысып, Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарына Кіші Арал теңізін қалпына келтіру мәселесі бойынша арнайы жұмыс сапарда болды, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.
Облыс әкімі Арал теңізінің ахуалын баяндады. Теңіз түбінен көтерілетін тұзды құм жақын маңайдағы елді мекендерден бөлек, Памир тауы мен Солтүстік мұзды мұхиттан табылғаны ғылыми түрде дәлелденген. Құм көшкінін тоқтатудың жолы – теңіз ұлтанын көгаландандыру және жергілікті климатқа сай өсімдіктерді егу. Сондықтан халықаралық қорлардың демеушілігімен Арал теңізінің құрғаған алқаптарына сексеуіл егу жұмыстары жүргізілуде.
Мемлекет басшысы Арал теңізінің құрғаған табанындағы 1,1 миллион гектарға 2025 жылға дейін климатқа сай өсімдіктер егуді тапсырған болатын. Осылайша, 2021 жылы 101 мың гектарға, 2022 жылы 250 мың гектар жерге, 2023 жылы 193,2 мың гектарға сексеуіл егілді. 2024-2025 жылдары 556,2 мың гектар аумақта осы жұмыстар жалғасады.
Арал теңізінің тартылуы жаһандық проблема екенін ескерген Халықаралық Аралды құтқару қоры, Дүниежүзілік банктер, Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Герман қоғамы, АҚШ-тың халықаралық даму агенттігі, Корея Орман қызметі халықаралық ұйымдар Арал теңізін қалпына келтіру бойынша бірлескен жұмыстар атқаруда.
Іс-шарада ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, Еуропалық Одақтың Елшісі Янкаускас Кестутис тиімді әріптестік орнатуға ниет білдірді.
«BGI Bioverse» компаниясының жоба басшысы Ванг Минь ханым баяндама жасап, кәсіпорынның жұмыс бағыттарын сипаттады.
Айта кетейік, сапар барысында елшілер Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті мен «Болашақ» университетінің студенттерімен кездесті. Қармақшы ауданындағы «Қорқыт Ата» мемориалдық кешеніне, Арал ауданындағы Ә.Нұрпейісов атындағы Әдебиет үйіне барды. «Балықшылар аллеясын» және «Балықшылар» музейін тамашалап, «Aral Sea Food» балық өңдеу зауытының жұмысымен танысты. Делегация мүшелері «Көкарал» бөгеті мен Кіші Арал теңізінің жағдайын көрді. Теңіз алқабындағы сексеуіл егу жұмыстарымен танысты. Сапар соңында елшілер облыстық тарихи-өлкетану музейі мен «Анаға тағзым» орталығына барып, «Қорқыт ата» атындағы әуежайы жаңа терминалының жұмысымен танысты.
Қонақтар сапар соңында облыс әкімдігінің жоғары деңгейде ұйымдастырғанын атап өтіп, сырбойылықтарға алғысын білдірді.