Қызылорда облысы – «Үздік мәдени өңір»

429672604 703148998673014 6722545920952885118 n

Көктемнің көркем мерекесі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Қызылордада мерекелік кеш өтті. Салтанатты іс-шараға Халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі, Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасы Аида Балаева, комиссия мүшелері, белгілі қоғам қайраткерлері, өңірлерден келген делегациялар, облыстың зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері, қоғамдық ұйымдар қатысты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Әйелдердің қоғамдағы рөлін кеңейте түсу – мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі міндеттің бірі» деген болатын. Тәуелсіз Қазақстанның толағай табыстары мен Сыр өңірінің бүгінгі қол жеткен жетістіктерінің барлығында әйелдер-аналардың, қыз-келіншектердің қолтаңбасы бар. Ардақты аналарымыздың рухынан күш, ұлағатынан тәлім түйген аруларымыз экономикамыздың барлық саласында табысты еңбек етіп келеді. Аймағымызда мемлекеттік қызметшілердің нақты саны 3233 адам болса, оның 1493-і немесе 46,2%-ы әйелдер, 36 мыңнан астам көп балалы аналардың 17 мыңнан астамы – алтын және күміс алқалы Батыр аналар.

Құрметті аналар, қыз-келіншектер! Қоғам мен мемлекет дамуына белсене араласып, туған жеріміздің берекесі артуына, келбетінің көркеюіне әрдайым үлес қосып келесіздер. Сіздерге мың алғыс!», – деді ОБЛЫС ӘКІМІ НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ.

Іс-шарада Халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымының «Үздік мәдени өңір» номинациясына Сыр өңірі лайық деп танылғаны жарияланып, ұйымның бас хатшысы Сұлтан Раев марапатты облыс әкіміне табыстады.

Ерекше атап өтетін жайт, бұл номинация «ТҮРКСОЙ» шеңберінде екі адамға ғана берілген. Оның бірі «Нобель» сыйлығының иегеріне, ал екіншісі танымал әнші Димаш Құдайбергенге табысталған. Үшіншісі түркі руханиятының алтын қазығы қағылған Сыр өңіріне келді. Символикада алтын жалатылған пырақ бейнеленген.

Бүгінде аймақтың мәдениет және өнер саласында жағымды жаңалық жетерлік. Осыған дейін өңірде «Анаға тағзым», «Отбасы орталығы» ашылып, халыққа қызмет көрсетіп келсе, бүгін 1000 орындық «Өнер орталығы» пайдалануға берілді. Мүмкіндігі шектеулі өнерпаздардың «Инклюзивті театры» құрылды, бұған дейін 10 жылға жуық үйірме ретінде жұмыс жасап келген «Жастар театры» кәсіби ұжым болып өнер көрсетуде.

Елордада Астана қаласының 25 жылдығына орай «Сұлу Сырдан – ару Астанаға» атты Қызылорда облысының өнер күндері жоғары деңгейде өткізілді. Халықтың ыстық ықыласы мен қошеметіне бөленген шара сәуір айында Алматы қаласында да ұйымдастырылады.

Мәдениет және өнер, әдебиет өкілдерін қолдау мақсатында өткен жылдан бері тағайындалған «Тұран» сыйлығын табыстау дәстүрге айналмақ. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы қарсаңында «Жыраулар үйі» ашылады. Облыстық өлкетану музейінің құрылысы басталды. Жеті ауданда заманауи «Руханият орталықтары» салынуда. Жақын күндері балалар мен жасөспірімдерді өнерге баулып, шығармашылығын шыңдайтын «Шығармашылық академиясы» бой көтереді.

Аймақ басшысының бастамасымен айтулы мерекелерде еліміздің, туған жеріміздің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына айрықша еңбек сіңірген тұлғаларға «Қызылорда облысының Құрметті азаматы» атағы табысталып келеді. Бұл дәстүр бүгін де жалғасын тауып, құрметті атақ белгілі композитор Рамазан Таймановқа берілді. Сондай-ақ, Сыр өңірінің руханияты мен өнеріне ерекше үлес қосқан мәдениет майталмандары облыстың ең жоғары наградасы – Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен марапатталды.

Салтанатты іс-шара көңілді концерттік бағдарламамен аяқталды.

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

шесть − 5 =

АЙДАРЛАР

Басқа да мақалалар