Ашылғанына бір ай да болмаған білім ордасында кезекті дау. Ата-аналардың сөзінше балалары сабақтан үнемі таяқ жеп келеді, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.
Бәйтерек шағын ауданының тұрғындары бір ай бұрын ашылған №287 мектеп білімнің емес, бұзақылықтың ордасына айналды деп шағымданады. Ата-аналардың айтуынша мұнда әр мектептен ауысып келген оқушылар өзара бөлініп, бір-бірімен жиі жаға жыртысады. Одан қалды білім ұясына тиесілі тасымал көлікке сыйыспаған балалар автобус ішінде де төбелесіп қалады дейді. Ал мұндай бассыздықты біле тұра білім ұясының әкімшілігі бейқам отыр деп ашулы ата-аналар.
«Бір перевозканың ішінде баланы екі жақтан қысып, кітабын жыртып тастаған. Оның ата-анасы зар жылап отыр. Менің ақшам жоқ. Ертең кітапты қалай аламын деп. Медсестра керек медпунктке. Учасковый керек. Бізге ер кісі керек. Завуч болсын тәрбие ісі жөніндегі, директор болсын», – дейді АЙСҰЛУ АЛТЫБАСОВА, Айсұлу Алтыбасова, «БӘЙТЕРЕК» МӨЛТЕК АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ.
Білім ұясы жақында пайдалануға берілгендіктен мұнда директор тағайындалмаған. Ал мектептің тәртібін қадағалайтын учаскелік полицейді байқамадық дейді ата-аналар. Айтуларынша басшы болмағасын, балалар арасындағы бұзақылықты тоқтатуға ұстаздардың әлі келмейтін көрінеді.
«Коридорға сыймай қалған екі бала, менің балам мен тағы бір бала. Бір-бірімен иық тірескен. Сосын төбелескен. Сол кезде мысалы учасковый болса, балаларда тәртіп болады», – дейді МАРХАБАТ БАЙМАХАНОВ, «БӘЙТЕРЕК» МӨЛТЕК АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ.
Ал Қызылорда облысының білім басқармасы басшысы болса жаңа мектепте бұған дейін бас жарылып, көз шығаратын төбелес тіркелмеді дейді.
«Енді ол жүріп бара жатқан автобустың ішінде төбелес болды дегенге мен сенбеймін. Себебі осы кезге дейін мұндай мәлімет түскен жоқ. Және топтық төбелеске байланысты ешқандай жерде тіркелмеген полиция департаментіне не болмаса полиция бөліміне. Сондықтан ата-аналар түймедейді түйедей қылуы мүмкін», – деп жауап берді АСҚАР ЕСЖАНОВ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ.
Ал ата-аналар бұзақылық болғанына көз жеткізсе, бірден құзырлы органдарға хабарласу керек дейді басқарма басшысы. Сондай-ақ мектепке директор желтоқсан айының басында тағайындалатынын жеткізді. Ал алаң көңіл ата-аналар балалықпен жасалған бұзықтықтң соңы орны толмас қайғыға әкелмесе болды деп тілейді.