Тарақандармен дастархандас тұрғындар

үй scaled

Қызылорда қаласы Тасбөгет кентіндегі Тасарық №6 үй мекенжайындағы екі қабатты үй 2014 жылы сарапшылардың қорытындысымен апатты деп танылған. Араға үш жыл өткен соң пәтер кезегінде тұрған 24 пәтердің иелеріне жаңа баспана беріледі. Ал құлауға сәл-ақ қалған екі қабатты үй Қызылорда қаласының әкімдігінің теңгеріміне өтеді. Шенділер бастапқыда бұл нысанды бұзуға бел буған екен. Бірақ 2018 жылдың 28-ші қаңтар күні шаһарда жатақхана типтес бес қабатты үйдің бір подъезды тұтастай опырылып түсіп, үй жайсыз қалған тұрғындарды жергілікті билік осы апатты үйге көшіреді. Баспаналы болдық деген қызылордалықтардың қуанышы алайда ұзаққа созылмапты. Тұрғындар апатты үйдің жағдайы бүгінде тым нашар екенін айтып налиды. Қабырға жарларын сылап, тесіктерді бітеп шаршаған пәтер иелері енді жәндіктермен көрші болыпты.

– Біз тарақандармен дос болдық! Тамағымызға түседі кей кезде, алып тастап жей береміз. Өзіміз ремонт жасап алдық, ішінде пеші де болмады. Балалар тонады, газды ажыратып тастаған. Иә оны қосып бермейді, сұрап жатырмыз қайта-қайта. Жан-жағының барлығы көгеріп жатыр қазір. – дейді Раиса Байкенжеева.

Барар жері, басар тауы жоқ жандар құрт-құмырсқадан өздері құтылмақ болып көрген екен нәтиже болмапты. Ал Қызылорда қалалық тұрғын инспекциясы болса былтырғы 2021 жылы пәтер кезегінде тұрғандарға барлығы 680 баспана берілгендігін жеткізді. Олардың 93-і үйлері аппатты деп танылған отбасыларға бұйырған екен.

– Сонымен қатар бүгінгі таңда қала бойынша 270 отбасы өз кезегін күтуде апаттық үйлер санаты бойынша. Осы мәселені шешу мақсатында облыстық бюджетке 50 пәтерлік үш үйдің құрылысын салу үшін жоба сметалық құжаттарын әзірлеуге бюджеттік өтінім ұсынылды. Қазіргі таңда Қызылорда қаласында 23 екі қабатты тұрғын үйлер апатты деп танылып отыр.  Тасарық 6 үйдің тұрғындары кезек реттілігіне байланысты барлығы да баспанамен қамтамасыз етіледі – деді Қызылорда қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Абзал Рысбек.

Шенеунік апатты үйден бұл отбасыларды көшіруге әзірге еш мүмкіндік жоқ екенін жасырмады. Тасбөгеттіктер тек өздерінің кезектілігі бойынша жаңа баспанаға қол жеткізе алады екен. Айта кетейік Қызылорда қаласында бүгінгі күні 5 санат бойынша барлығы 25138 отбасы өз кезектерін күтуде.

Автор: Жанғали Ысқақ

Бөлісу:

0 0 votes
Рейтинг статьи
Жазылу
Хабарлау
guest
0 комментариев
Inline Feedbacks
View all comments
0
Мақалаға қатысты не ойлайсыз? Пікір қалдырыңыз.x
()
x