Бүгін Сырдария ауданында руханият пен білімнің діңгегі саналатын кітапханашылар қауымына ерекше құрмет көрсетілді. Аудан әкімі Берік Сәрменбаев «Руханият» орталығында кітапхана қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың қоғамдағы маңызды еңбегіне жоғары баға берді.
Мерекелік қабылдауға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, сала ардагерлері мен қызметкерлері, сондай-ақ белсенді оқырмандар қатысты.
Іс-шара барысында аудан әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітапхана ісінің маңыздылығына қатысты айтқан сөзін еске салды:
«Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды», – деген болатын Президент.
Берік Әбдіғаппарұлы өз сөзінде кітапханашылардың қоғамдағы миссиясын ерекше атап өтті:
– Кітапханашы – тек кітап сақтаушы ғана емес, ақпарат ағынын сұрыптап, оқырманға бағыт беруші, білім мен мәдениеттің насихатшысы. Кітап – адамзаттың рухани байлығы болса, кітапхана – сол байлықтың киелі шаңырағы. Сіздердің еңбектеріңізге әрдайым құрметпен қараймыз, – деді аудан әкімі.
Аудан басшысы аймақтағы кітапхана саласына жасалып жатқан қолдауларға тоқталды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың бастамасымен өңірде «Түнгі кітапхана» жобасы жүзеге асырылып, жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік туып отыр.
Биыл Сырдария ауданында ашылған «Руханият» орталығы осы бастаманың жарқын жалғасы болды. Оның құрамындағы тәулік бойына жұмыс істейтін кітапхана оқырмандарға үздіксіз қызмет көрсетіп, рухани кеңістіктің орталығына айналды.
Мерекелік жиында аудан әкімі сала ардагерлері мен үздік қызметкерлерін «Алғыс хаттармен» марапаттап, сый-құрмет көрсетті. Марапат иелерінің қатарында көп жылдар бойы кітапхана ісіне елеулі үлес қосқан ардагерлер мен жас мамандар да бар.
Сонымен қатар, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев және сала ардагерлері әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтап, жүрекжарды лебіздерін білдірді.
