Кемшіліктерді тез арада жөнге келтіру керек
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте өңірдің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.
Аймақ басшысы қала аралау барысында байқаған кемшіліктерге тоқталып, оларды шұғыл түрде жөнге келтіруді міндеттеді.
«Бұған дейінгі мәжілістерде қала, кент, елді мекен аумақтарының санитарлық тазалығына, көгалдандыруға қатысты ескертулер айтып келемін. Әріптестер, барлық ұсыныстарыңызды қолдап, тазалыққа бюджеттен қажетті қаржыны бөлдік, арнайы техникалар алып бердік. Жыл сайын қаланы абаттандыруға, санитарлық тазалықты қамтамасыз етуге, көгалдандыруға, жол белгілерін орнату және күтіп ұстауға, қала көшелерін ағымдағы, орташа жөндеуге қаржы бөлінген. Дегенмен, жұмыс өз деңгейінде жүргізілмейді. Кемшілік өте көп. Аппарат инспекторлары Қызылорда қаласы аумағына күнделікті, ал, аудандарға апта сайын зерделеу жүргізуде. Ғимараттардың қасбеті, аумағы санитарлық талапқа сай келмейді. Орталық көшелерге егілген гүлдер мен газондар осы кезде қурап жатыр. Ешқандай күтім жоқ, уақытылы суарылмайды. Қала аумағындағы 25 көпқабатты тұрғын үйдің ауласындағы балалар ойын алаңдарын күрделі жөндеуге облыстық бюджеттен 1 млрд. теңге қаралған. Дегенмен, жұмыс баяу жүруде», – деді НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ.
Қала, аудан әкімдері, басқарма, департамент, мекеме басшыларына анықталған кемшіліктерді 2 күн ішінде қалыпқа келтіру тапсырылды. Жауапты басшылар әкімшілік аумақтағы барлық елді мекеннің санитарлық тазалығын қатаң бақылауға алып, көркейту-көгалдандыру, әктеу-сырлау жұмыстарын тұрақты жүргізуі тиіс. Облыс әкімі аппараты күнделікті зерделеуді әрі қарай жалғастырып, анықталған кемшіліктерді қалпына келтіру бойынша ұсыныс беретін болады.
Мәжілісте басталған құрылыстарды межелі уақытта салып бітіру, мектептердегі күрделі жөндеу жұмыстарын жаңа оқу жылына дейін аяқтау туралы тапсырма берілді.