Қазалы ауданында кәсіпкерлер саны жыл сайын артып келеді, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.
Бүгінде онда 5 797 шағын және орта кәсіпкер тіркелген. Ал, жыл басынан бері ауданда жаңадан 17 кәсіпкерлік нысан бой көтеріп, 56 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Бұл туралы облыстың бас ақпарат алаңында Қазалы ауданының әкімі Мейрамбек Шермағанбет мәлімдеді.
– Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында ауданда мемлекеттік бағдарламалар аясында қаржы ұйымдары тарапынан 166 жоба бойынша кәсіпкерлерге 3,0 млрд теңге несие, грант қаражаты берілді.
Бөлшек сауда айналымы 7,1 млрд теңге болып, 4,1 пайызға көбейді.
Сонымен қатар, биыл аудан бойынша барлығы 17 029 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Сырдария өзеніндегі су тапшылығына байланысты былтыр аудан көлеміндегі егістікті сумен қамтамасыз етуде қиыншылықтар болғаны рас. Осыған сәйкес, биыл күріш егісінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 250 гектарға азайтылды.
Оның орнына әртараптандыру бағытында суды аз қажет ететін басқа дақылдардың көлемін арттырып отырмыз. Атап айтқанда, жаздық бидай 81 гектар, жаңа жоңышқа 126 гектар, ескі жоңышқа 122 гектарға артық орналасты.
Сондай-ақ, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында картоп, көкөніс, бақша дақылдарын қосымша егу үшін барлығы 281 адам бірігіп 146 гектар жерге дақылдарды орналастырылды,- деді Мейрамбек Зинабдинұлы.