Қаланың тіршілігі үздіксіз жүріп тұруы тек жолдар мен ғимараттарға ғана емес, оның астындағы көзге көрінбейтін инженерлік жүйелерге де тікелей байланысты. Солардың ішінде кәріз желісі – халықтың санитарлық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ең маңызды салалардың бірі. Сарқынды суларды жинап, тазалау және қайта өңдеу – экологиялық ахуалдың тұрақтылығына, тұрғындардың өмір сапасына әсер ететін басты фактор.
Бүгінде қала аумағында жалпы ұзындығы 457 шақырымды құрайтын кәріз желісі, 67 насос станциясы және екі ірі кәріз суларын тазарту кешені жұмыс істеп тұр. Қазіргі таңда тұрғын үйлердің 60 пайызы орталық кәріз жүйесіне қосылған болса, алдағы уақытта бұл көрсеткішті 82 пайызға жеткізу жоспарланған. Бұл бағытта қомақты жобалар жүзеге асып келеді.

Өткен жылы аймақ басшысының тікелей қолдауымен бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, 11 насос станциясы толықтай жаңартылып, 8,3 шақырым тозған кәріз құбырлары ауыстырылды. Алдағы кезеңде тағы 158 шақырым жаңа желі тартылып, 10 кәріз насос станциясы қайта жаңғыртылатын болады.
Сонымен қатар, қала үшін аса өзекті мәселелерді шешуге арналған ірі жобалар қолға алынуда. Оның ішінде:
Қызылжармадағы кәріз суларын тазарту станциясын жаңғырту;
Тасбөгет кентіндегі жағымсыз иіс мәселесін түбегейлі шешу;
Магистралдық коллекторларды қайта құру жұмыстары.
Бұл бастамалар тек инженерлік инфрақұрылымды жақсартуға ғана емес, экологиялық қауіпсіздікті күшейтуге, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған.
Қорытындылай айтқанда, кәріз жүйесін жаңғырту – қаланың болашағы үшін стратегиялық маңызды қадам. Заманауи технологиялар мен кешенді жобалар арқылы ертеңгі күннің экологиялық ахуалына сенімділік артып, тұрғындардың өмір сүру қолайлылығы жаңа деңгейге көтеріледі.
