Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясының мәжілістегі фракциясының мүшесі Мархабат Жайымбетов Қазалы қаласындағы «MEBEL_MIKO» жиһаз жасау цехының жұмысын көрді, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.
2018 жылы бөлме, ас-үй жиһаздары мен бөлме есіктерін шығаруымен айналысып бастаған шағын өндірістік орын жергілікті тұрғындардың сұранысын қанағаттандырып отыр. Кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік «Еңбек», «БЖК-2025» және «Іскер» бағдарламары аясында 17,0 млн.теңге жеңілдетілген несие алған. Кәсіп иесі Мейрамбек Нұғыманов тапсырыстың жоғары екенін, цехта 6 адам жұмыспен қамтылғанын атап өтті.
Ал өз кезегінде депутат кәсіпкерлікті қолдау мен отандық бизнеске қолайлы жағдай жасау бағытында жұмыстар жалғаса беретінін айтып, өндірістік орынның жұмысына сәттілік тіледі.
Осы күні халық қалаулысы Бекарыстан би ауылына барып, жергілікті шарулармен кездесті. Бақшалық өнім өсіруді отбасылық кәсіп қылған Серік Бәкішовтың бау-бақша ісінің барысымен танысты.
Ауыл тұрғынының бау-бақша дақылдарын өсірумен айналысқанына 20 жылдан аса уақыт болған. Биыл 2,5 гектар жерге қауын-қарбыз, асқабақ, қызанақ, картоп сияқты бақша дақылдарын егіп, 25 тоннадан аса өнім жинауды жоспарлап отыр. Бүгінде жиналған алғашқы өнімдерін аудан орталығына тасымалдап, жергілікті тұрғындарға тиімді бағада ұсынуда.
Еңбекқор, бірлігі мен тірлігі жарасқан ауыл шаруасының кәсібі көпке үлгі екенін айтқан депутат, жаз бойғы еткен адал еңбегінің жемісті болуына тілектестігін білдірді.