Енді сталкинг жасағандар айыппұл төлейді, деп хабарлайды “Азаттық-Ньюс” Ақпараттық агенттігі.
Елімізде сталкингке (адамды ұзақ уақыт бойы аңду, мазалау) қатысты қылмыстық жауапкершілік енгізу жоспарлануда. Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның айтуынша, жұмыс тобы бұл норманы мақұлдап қойған. Енді заң жобасы палатада екінші оқылымға шығарылмақ.
Журналистердің сұрағына жауап берген депутат қандай жаза қарастырылғанын нақтылап өтті. Оның сөзінше, бұл жағдайда айыппұл салу қарастырылып отыр:
«Біз барлығын жаппай жауапкершілікке тартуды көздемейміз. Айыппұл көлемі туралы айту қиын, себебі пленарлық отырыста өзгерістер енгізілуі мүмкін – әрі ұлғаюы, әрі азаюы ықтимал.»
Депутаттан сталкинг неге қатаң жазаланатын қылмыстық құқықбұзушылық ретінде қарастырылмағанын сұрағанда, ол:
«Мұндай шешімдерді аяқасты қабылдауға болмайды. Қылмыстық кодекске жаңа нормалар енгізу өте мұқият жүргізілуі тиіс. Құқық қорғау органдарының, соттың тәжірибесін бақылап, талдау жасап барып, санкцияларды күшейту мәселесін қарастыруға болады. Себебі бұл – адамдардың тағдырына қатысты шешім,» – деп жауап берді.
Егер бұл заң жобасы қабылданса, Қазақстан сталкингті қылмыстық құқықбұзушылық деп танитын елдердің қатарына қосылады. Бірақ бастапқы кезеңде бұл әрекетке салыстырмалы түрде жеңіл жаза қолданылмақ.