Елікті атып өлтірген екі ер адамға қатысты сот үкім шығарды, деп хабарлайды “Азаттық-Ньюс” Ақпараттық агенттігі.
Павлодар облысы ҚМАС-ы ҚК-нің 337-бабының 4-бөлігінің 1-тармағы бойынша ерекше қорғалатын табиғи аумақта алдын ала сөз байласу арқылы бір топ адамның заңсыз аңшылық жасады деп айыпталған екі адамға қатысты қылмыстық істі қарады.
Екі ер адам елікті атып, мемлекетке 2,7 миллион теңгеден астам ірі көлемде залал келтірген.
Прокурор сотталушылардың әрқайсысын 3 жылға бас бостандығынан, 7 жылға аң аулау құқығынан айыруды сұрады. Жәбірленушінің өкілі мемлекеттік айыптаушыны толық қолдады.
Сотталушылар өз кінәларын толық мойындап, өкінетіндерін жеткізген.
Сот бұрын бас бостандығынан айыру жазасын өтеген К. – 4 жылға, одан кейін С. – 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындады.
Сотталғандар 7 жылға аң аулау құқығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.