Еңбек – түзелудің кілті

Azattyq-news
2 Min Read

Қоғамнан оқшауланған әрбір азаматтың басты арманы – өз қатесін түзеу, алдағы өмірін жаңа бағытта жалғастыру. Қылмыстық-атқару жүйесінің басты ұстанымы да – жазасын өтеушілерді адал еңбекке баулу арқылы олардың қоғамға қайта бейімделуіне жол ашу.

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №37 мекемесінде бүгінде сотталғандар түрлі өндірістік бағыттарда жұмыс істеп келеді. Мұндағы басты мақсат – жазасын өтеушілерді еңбекке тарту арқылы олардың мемлекет пен жәбірленушілер алдындағы қарызын өтеуіне, түзелуіне әрі қоғамға қайта бейімделуіне жағдай жасау.

Атап айтқанда, аталған мекемеде жиһаз жасау, тігін цехтары, автокөлікті жөндеу, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, құрылыс материалдарын шығару секілді сан алуан өндіріс түрлері жолға қойылған. Ең бастысы – мұндағы сотталғандардың барлығы дерлік 100 пайыз жұмыспен қамтылған.

Жазасын өтеушілердің еңбегі бір ғана түзету мекемесінің ішкі қажеттілігін өтеп қоймайды, сонымен бірге халыққа да қолжетімді өнімдер мен қызметтер ұсынуға мүмкіндік береді. Күнделікті өмірде қажет құрылыс заттары, тұрмысқа қажетті бұйымдар мен шаруашылыққа арналған өнімдер дәл осы жерден шығып жатыр.

– «Жол-көлік оқиғасын жасап, 3 жылға бас бостандығымнан айырылдым. Қазір күніне шамамен 300 дана пескоблок шығарамыз. Жалақымыз уақытылы беріледі, айлығымнан мемлекет алдындағы қарызымды өтеп, артылғанын отбасымның қажетіне жіберіп отырамын. Алдағы уақытта адал еңбегіммен қателігімді түзеп, қоғамға пайдасын тигізетін азамат болуға ниеттімін», – дейді сотталған азамат.

ҚАЖ департаментінің басты қағидасы – жазасын өтеушіні еңбек арқылы түзету. Өйткені еңбекке араласқан адам өз қателігін түсінеді, артық уақытын пайдалы іске жұмсайды әрі қоғамға кері әсерін тигізбей, керісінше пайдасын келтіреді.

Мұндай бастамалар сотталғандардың жаңа өмірге қадам басуына, қоғамға қайта бейімделуіне ықпал етеді. Әрбір адал еңбек – түзелудің сенімді жолы, қоғамға қайта оралуға берілген мүмкіндік.

Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру