150 қазақстандық “Болашақ” халықаралық стипендиясының иегері атанды. Бұл туралы “Азаттық-Ньюс” Ақпараттық агенттігі Халықаралық бағдарламалар орталығына сілтеме жасап хабарлайды.
Орталықтың мәліметінше, 120 адам – магистратура, 6 адам – докторантура бағдарламалары бойынша білім алады, ал 24 қазақстандық әлемнің жетекші жоғары оқу орындары мен өндірістік орталықтарына кәсіби тағылымдамадан өтуге жіберіледі.
Дайындықтың басым бағыттарына ерекше назар аударылды, яғни, стипендиялардың үштен екісінен астамы жаратылыстану-техникалық пәндер бойынша бөлінді.
Жеңілдікті санаттар бойынша 22 адам шетелде білім алады.
Үміткерлер Harvard University, Imperial College London, University of Pennsylvania, University of Melbourne, Columbia University , Johns Hopkins University, University of Bristol сияқты әлемдік рейтингтердің топтарына кіретін университеттерге түсті.
Ең танымал мамандықтар: ақпараттық технологиялар мен жүйелер, жасанды интеллект және киберқауіпсіздік, көлік технологиялар және логистика, қоғамдық денсаулық сақтау, неонатология және хирургия, үлкен деректерді талдау, құрылыс, геология және тау-кен ісі, металлургия, қаржы технологиясы, урбанистика және математика.