455674555 802137868774126 3562087131045300021 nplaceholder

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мәселелеріне арналған республикалық семинар өтті

Сырдария ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Нағи Ілиясов ауылында өткен «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі – ауылды дамытудың негізі» атты республикалық семинарға қатысты, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.

Іс-шараға Сыр өңіріне арнайы келген ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, Парламент Сенатының, Мәжілісінің депутаттары, ведомство басшылары, барлық облыс әкімінің орынбасарлары, ауыл шаруашылығы басқармаларының басшылары және ірі шаруашылық құрылымдарының төрағалары, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы, «Зенченко и К» коммандиттік серіктестігінің директоры Геннадий Зенченко шақырылды.

Аймақ басшысы өз баяндамасында өңірдегі әлеуметтік-экономикалық жетістіктерге тоқталып, семинарда озық тәжірибелер мен өзекті мәселелер талқыланатынына сенім білдірді.

«Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы 2022 жылғы қараша айында Қазақстан Республикасы Президенті лауазымына кіріскеннен кейін ең бірінші кезекте «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлыққа қол қойды. Жарлық аясында елімізде «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы, «Ауыл – ел бесігі», «Ауыл аманаты», «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламалары сәтті жүзеге асуда. Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауының арқасында аймағымызда серпінді жобалар қарқын алды. Екі жыл бұрын облыс бюджеті 364 млрд. теңге болса, бүгінде 733 млрд. теңгеге жетті. Осы жылдың 7 айының қорытындысымен барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің өсімі қамтамасыз етілді. Кәсіпкерлікті қолдауға соңғы 2 жылда 127 млрд. 500 млн. теңге тартылып, 12 мыңнан астам жоба қаржыландырылды. Оның 25 млрд. 100 млн. теңгесі мемлекеттік бағдарлама аясында қолдау тапты. Жеке кәсіпкерлікті қолдауға барлық қаржы көзінен 34 млрд. 500 млн. теңге қарастырылды. Екінші деңгейлі банктер мен қаржы ұйымдары арқылы 3 мыңға жуық жоба қаржыландырылуда. Ауыл шаруашылығы саласына соңғы 2 жылда 20 млрд. 300 млн. теңгеден астам инвестиция тартылды. Өткен 6 айда саладағы негізгі капиталға 3 млрд. 300 млн. теңге инвестиция салынды», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Айта кетейік, елді мекендерді сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында Мемлекет басшысының бастамасымен ауқымды жобалар қолға алынды. Елді мекендердің әлеуетін көтеруге бағытталған «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында тірек және спутник елді мекендер айқындалды. 5 жыл ішінде облыста 31 млрд 200 млн теңгеден астам қаржыға 435 жоба жүзеге асты. Бұл қаржы елді мекендердің инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртуға, әлеуметтік нысандар салу мен жөндеуге, мамандарды әлеуметтік қолдауға, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталды. 2027 жылға дейін жалғасатын жоба аясында жыл сайын қаржы көлемі ұлғайтылады деп күтілуде.

Бұдан бөлек, тұрғындар қолайлы ортада өмір сүруі үшін ойын алаңдары салынып, аулалар абаттандырылды, парктер мен аллеялардың құрылысы жүргізілуде. Бұл жұмыстарға жергілікті кәсіпкерлер, облыстан шыққан меценаттар үлес қосуда. Бүгінде өңірде демеушілікпен 45 млрд. 200 млн. теңгенің жобалары жүзеге асуда. Оның ішінде, аймағымыздың ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарының бірі «Най-Мир» кәсіпорны «Анаға тағзым» орталығын, «Абзал және К» кәсіпорны «Еңбеккерлер аллеясын», «Таң ЛТД» шаруашылығы ауылды абаттандыру жобасын, «Жаңажол» шаруашылығы орталық алаңды абаттандыруды, «Абай-Дәулет» шаруашылығы “Бесарық” ауылын көркейтуді демеушілікпен жүзеге асырды.

Әрі қарай іс-шараны жүргізген ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров өз сөзінде аграрлық саланың негізгі мәселелері мен жоспарлар туралы айтты.

Семинарда республикалық ардагерлер ұйымы төрағасының бірінші орынбасары, профессор

Өмірзақ Озғанбаев, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков, АӨК-ні дамыту жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Геннадий Зенченко, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов баяндама жасады. Мұнан бөлек, Ақтөбе облысы «Степное» ЖШС басшысы Аманқос Төлеуов, Абай облысы «Өрнек» ЖШС басшысы Ержан Қойгельдин өз тәжірибелерін ортаға салды.

Жиын соңында ауыл шаруашылығы саласының үздіктеріне ведомстволық наградалар табысталды.

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

2 × два =

АЙДАРЛАР

Басқа да мақалалар