Партияның облыстық филиалының мәжіліс залында «Білім және Денсаулық сақтау мәселелері» жөніндегі аймақтық кеңесі мен Партиялық бақылау комиссиясының бірлескен отырысы өтті, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.
Күн тәртібінде «Мектеп асханаларында тамақтандырумен қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты ұйымдастыру» мәселесі қаралды.
Қазірде мектеп асханаларындағы ыстық тамақпен қамту, олардың сапасы мен заңды талаптар сай болуы турасында кемшіліктер анықталуда. Партия тарапынан комиссия мүшелерімен бірге жыл басынан екі мәрте мониторинг жұмыстары жүргізілген болатын.
Жиында партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов: Бала қауіпсіздігі – маңызды мәселе, сол үшін бүгінде әлеуметтік қоғамда байқалып жатқан тенденциялық факторлар білім беру ұйымдарындағы бала қауіпсіздігіне қатысты мониторинг жүргізуді қажет етеді. Күнделікті балалардың қауіпсіздігіне, денсаулығына қатысты өзекті сауалдарды, мәселелерді білу үшін партиялық бақылау комиссиясы жанынан құрылған мониторинг топ қала мен аудандардағы орналасқан мектептердегі ұйымдастырылған тегін ыстық тамақтың сапасына мониторинг жүргізу міндетті,-деді.
Басқосуда баяндама жасаған облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Шолпан Оралбайқызы: Биыл бірінші жартыжылдықта 87 331 бала, оның ішінде әлеуметтік осал топқа жататын 35 067 бала, бастауыш сыныптардағы 52 264 бала 100 пайыз тегін тамақпен қамтылды.
Ыстық тамақпен қамтуға жергілікті бюджеттен 9 млрд тг бөлінді. Білім беру ұйымдарында ас мәзірінің нормалары ҚР Үкіметінің №320 қаулысының №15 қосымшасына сәйкес жас ерекшілігіне қарай бөлінді. Бір реттік тамақтану құны орта есеппен 580 теңгені құрайды,-деді.
Білім беру асханаларында Қазақ тағамтану академиясының Ұлттық салауатты тағамтану орталығы ұсынған «Мектеп оқушыларының тағам рационы бойынша біріңғай стандарттар» әдістемелік ұсынымдарына сәйкес перспективалық маусымдық төрт апталық мәзір жасалып, салауатты тағамдар беріледі. Дегенмен, аймақта асханасы жоқ мектептер де бар. Оларға бүгінгі таңда тегін буфеттік тағам қарастырылған.
Балаларды тамақпен қамтуын үйлестіруі бойынша анықталған олқылықтар да бар. Бұл тиісті сала мамандарының назарында. Сондай-ақ, берілетін ыстық тамақтың құрамын, сапасын қадағалау брокераждық комиссия назарында да болатынын ұмытпаған абзал.
Отырысқа қатысушылардың пікірінше аталған комиссия жөнді жұмыс жасамауда.
Сондықтан, бракераждық комиссия құрамына партияның бастауыш ұйымдарының мүшелерін қосу мәселесі де ұсынылған болатын.
Бірлескен отырыста аймақтық кеңес төрағасы Нұридин Амитов: Білім беру – мемлекеттің әлеуметтік саясатының маңызды бағыты. Жыл сайын осы саланы дамытуға қомақты қаржы бөлініп келеді. Соңғы жылдары облыстың білім беру саласының бюджеті 2 есеге өскенін көріп отырмыз. Мұның бәрі де мемлекеттің балалар болашағына жасап отырған қамқорлығы екені даусыз.
Балалардың сауатты білім алуы мен тәрбие мәселесі барлығымызға ортақ. Сондықтан осы мәселені барлық құзырлы органдар мен зиялы қауым өкілдері, ата-аналар, ұстаздар, қоғам болып бірлесіп шешуіміз керек,-деді.
Отырыс қортындысы бойынша тиісті ұсыныстар сала басшыларына жолданатын болады.