Арал ауданында ұлттық құндылықтарымызды ұлықтаған шара өтті, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.
Наурыз мейрамында халқымыздың мәдениеті мен ұлттық салт-дәстүрі ұлықталады. Бұл күн мәдениетімізді, өнеріміз бен ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға арналады.
Қазақ халқының басты құндылықтарының бірі – салт-дәстүрі. Қазақтың салт-дәстүрі ағайын, туған-туыс, көршілер арасында жақсы қарым-қатынастың қалыптасуына және ынтымақтастықта өмір сүруіне жол ашқан. Ел жадында сақталған «Сүйінші сұрау», «Балаға ат қою», «Бесікке салу», «Тұсаукесер», «Беташар» сынды ғұрыптар бүгінгі күнге дейін өз маңызын жойған емес.
Арал ауданының орталығындағы «Балықшылар» аллеясында «Дәстүрім тапты жалғасын» атты мәдени – көпшілік іс-шара өтті.
Аллеяда киіз үйлер тігіліп, ұлттық тағамдардан дайындалған арнайы дәм мен ауданымыздағы қолөнер шеберлерінің түрлі бұйымдары ұсынылды.
Шарада ақ жаулықты әжелеріміз диірмен тартып, келі түйіп, ұршық иірсе, бүлдіршіндер ұлттық ойындар ойнап мәре-сәре болды. Келген қонақтар қазақтың салт-дәстүрлері «Ашамайға отырғызу», «Ұрын бару», «Босаға майлау», «Бесікке салу» сахналық көріністерін тамашалап, ата-бабаларымыздың рухани және мәдени тыныс-тіршілігін толық сезінді.
Мерекелік шара одан әрі аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.