Күз – табиғаттың ерекше құлпырып, сұлулығы артатын мезгілі ғана емес, сонымен бірге әуесқой балықшылар мен аңшылар үшін таптырмас уақыт. Өзен, көл жағасына барып тынығып, таза ауада демалу – денсаулыққа пайдалы әрі жан рахатын сыйлайтын іс. Алайда дәл осы маусымда балық аулаушылар мен аңшылардың саны артқан сайын қауіпсіздік талаптарының сақталмауы да жиілейді. Кейбір азаматтар қызық қуып жүріп, қауіпсіздік ережелерін елемей, өз өмірін қатерге тігеді. Мұндай салғырттық демалыстың қасіретке ұласуына әкелуі мүмкін.
Сол себепті қауіпсіз әрі көңілді демалыс үшін қарапайым, бірақ маңызды ережелерді ұмытпау қажет.
Табиғатқа шықпас бұрын міндетті түрде туыстарыңызға немесе жақындарыңызға қайда баратыныңызды, қанша уақыт болатыныңызды хабарлап қойыңыз. Бұл – күтпеген жағдай туындағанда сізді табуға көмектесетін маңызды қадам.
Балық аулайтын немесе аңшылық жүргізетін аумақты алдын ала қарап шығыңыз. Өзеннің жарлы жағасына немесе қалың қопаға жақындауға болмайды. Кешкі немесе түнгі уақытта судың жағасында абай болу – басты шарт. Өзіңізбен бірге:
дәрі қобдишасын,
қол шамды,
толық қуаты бар ұялы телефонды алып жүріңіз.
Ішімдік адамның қырағылығын төмендетіп, қауіпсіздік шараларын елемеуге итермелейді. Су жағасында, аңшылық аймағында ішімдік ішу қауіпті жағдайлардың негізгі себебі болып табылады.
Қайықпен серуендеуде сақ болыңыз
Егер су айдынына қайықпен шығуды жоспарласаңыз, тек техникалық тұрғыдан жарамды әрі ақаусыз қайықты пайдаланыңыз. Қайықтың шамадан тыс жүктелмеуін қадағалаңыз, құтқару жилетін киюді ұмытпаңыз.
Көл немесе өзен жағасын бойлай жүрерде қолыңызда таяқша немесе бағыт көрсетуге көмектесетін құрал болған жөн. Бұл жер бедерін анықтауға да, қажет болған жағдайда қорғануға да мүмкіндік береді.
Суда және аңшылықта қауіп қатері әрқашан бар
Қозғалыстағы қайықта, ату аймағында немесе өзен арнасында абайсыз қозғалыс жарақатқа немесе қайғылы жағдайға әкеп соғуы мүмкін. Сондықтан әрбір әрекетте сақтық – басты қағида.
Демалыстың жақсы өтуі ең алдымен сіздің жауапкершілігіңізге байланысты. Қауіпсіздік ережелерін елеусіз қалдырмаңыз – сонда ғана табиғат аясындағы уақытыңыз жайлы, мазмұнды және есте қаларлық болады.
Сырдария ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінде 21-4-94 нөмірлі сенім телефоны тәулік бойы жұмыс істейді. Қандай да бір қиындық туындаса немесе төтенше жағдай байқалса, бірден хабарласыңыз.
Сырдария ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі
Тұрғындардың қауіпсіздігі – біздің ортақ міндетіміз.
