Қызылордада 325 орындық «Medina Kids Academy» жеке бөбекжай балабақшасы ашылды
Бала – ел ертеңі, ұлттың болашағы. Сондықтан олардың игілігі мен жан-жақты дамуы мемлекет саясатының басты бағыттарының бірі болып қала бермек. Осы мақсатта Қызылорда қаласында бүлдіршіндердің білім алуына, ой-өрісін кеңейтуге және қабілетін шыңдауға бағытталған тағы бір әлеуметтік нысан іске қосылды.
Бүгін Сырдарияның сол жағалауында 325 орынға арналған «Medina Kids Academy» жеке бөбекжай балабақшасы салтанатты түрде ашылды. Заманауи үлгіде бой көтерген ғимарат бүлдіршіндердің сапалы білім мен тәрбие алуына, сонымен қатар олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға толық мүмкіндік береді.
Қала күніне тарту болған қуанышты сәт
Салтанатты шараға қала жұртшылығы, ардагерлер мен қоғам белсенділері қатысып, жаңа нысанның ашылуын балаларға арналған үлкен мереке ретінде қабылдады.
Қала әкімі Нұржан Ахатов жиналған қауымды қуанышты сәтпен құттықтап, жаңа балабақшаның ашылуы Қызылорданың әлеуметтік дамуындағы маңызды қадам екенін атап өтті.
– Бүгін ерекше күн. Қызылордалықтар сүйікті қаламыздың «Қала күні» мерекесін атап өтуде. Осы мереке аясында кішкентай тұрғындарымызға тамаша тарту ретінде «Medina Kids Academy» бөбекжайы пайдалануға беріліп отыр. Осындай ертегі сарайын тұрғызып, балалардың жүзін күлкіге бөлеген кәсіп иелеріне зор алғыс айтамын. Балалардың бақытты балалығына жағдай жасау – біздің ең басты міндетіміздің бірі, – деді шаһар басшысы.
Білім саласындағы серпінді жобалар
Қызылорда облысында соңғы жылдары білім саласында бірқатар ірі жобалар жүзеге асуда. Ел Президенті мен Үкіметтің қолдауымен, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың үйлестіруімен өңірде заманауи білім инфрақұрылымы қалыптасып келеді.
Тек соңғы уақытта облыс орталығында 350 орындық «Оқушылар сарайы», физика-математика бағытындағы мектеп-интернат, «Инновациялық шығармашылық орталығы», «Үстел теннисі» орталығы және 650 орындық жаңа музыкалық колледж пайдалануға берілді.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Келешек мектептер» жобасы аясында Қызылорда қаласында заманауи үлгідегі төрт жаңа мектеп бой көтерді. Алдағы уақытта тағы бір білім ордасы ел игілігіне табысталмақ.
Бала бақыты – ел бақыты
«Medina Kids Academy» балабақшасының ашылуы – өңірдің әлеуметтік дамуы мен келешек ұрпақ қамқорлығына бағытталған нақты нәтиже. Бұл – балалардың жарқын болашағына, ата-аналардың сенімді бүгінгі күніне қызмет ететін игі жоба.
Жаңа балабақшада балалардың танымдық дамуына арналған ойын бөлмелері, заманауи оқу сыныптары, дене шынықтыру және шығармашылық алаңдары қарастырылған. Мұның барлығы жас өрендердің еркін ойлап, өз қабілеттерін ашуына жол ашады.
Қорыта айтқанда, Қызылордада ашылған «Medina Kids Academy» бөбекжайы – тек жаңа ғимарат емес, ол балалардың қуанышы мен ата-аналардың үмітін біріктірген үлкен бақыттың символы.
