Түркістан қаласына барып екі баласын тұншықтырып өлтірді деген Шиелі кентінің мұғалімі ешқандай диспансерлік есепте тұрмаған, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.
Жан түршігерлік оқиғадан соң Қызылорда облысының білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов Шиелі ауданына барды. Марқұм болған бүлдіршіндердің отбасына көңіл айтқан ол аудандық білім бөліміне барып, күдікке ілінген мұғалімнің ұжымдастарымен тілдесті. Олардың айтуынша істі болып жатқан әріптестерінен бұрын-соңды теріс қылықтар байқалмапты. Он жыл ұстаздық тәжірибесі бар екен. Арнайы марапаттармен де марапатталған.
– Мінезінде ешқандай ауытқушылықтарды байқамаған, қандай да бір диспансерлік есепте тұрмайды. Өзі толыққанды отбасы, жұбайы мен ата-енесімен бірге тұрады екен. Қазіргі таңда ішкі істер органдарымен арнайы қылмыстық іс тіркеліп, тергеу амалдары жүргізілуде. – деді ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ АСҚАРБЕК ЕСЖАНОВ.