Сырдария ауданы аумағында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Төтенше жағдайлар департаментінің бөлім қызметкерлері тұрғындар арасында профилактикалық түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырды. Іс-шара барысында мамандар ата-аналар мен қамқоршыларға терезеден балалардың құлап кету қаупіне назар аударып, оны болдырмау жолдарын жан-жақты түсіндірді.
Балалар қауіпсіздігі – қоғам назарындағы аса маңызды мәселе. Әсіресе, көктем-жаз мезгілінде көпқабатты тұрғын үйлерде терезелердің жиі ашық тұруы салдарынан балалардың абайсызда құлап кету қауіпі жоғарылайды. Сондықтан бұл бағыттағы алдын алу шараларының уақытылы және жүйелі жүргізілуі өте маңызды.
Мамандардың айтуынша, баланың өмірі мен денсаулығын сақтау – бірінші кезекте ата-ананың жауапкершілігі. Терезенің ашық қалуы немесе москит торына тым сеніп қалу жыл сайын қайғылы жағдайға алып келуі мүмкін. Москит торы жәндіктерден қорғауға арналған, ал баланың салмағына төтеп бере алмайды.
Түсіндіру жұмыстары барысында ата-аналарға төмендегі маңызды ұсыныстар жеткізілді:
Терезелерге құлыптар, бекіткіш қауіпсіздік құрылғыларын орнату;
Балаларды еш уақытта қараусыз қалдырмау;
Терезе алдына төсек, үстел, орындық секілді жиһаздарды қоймау;
Москит торын қауіпсіздік құралы ретінде қолданбау;
Балаларға биіктіктің қауіпті екенін жас кезінен түсіндіру.
Іс-шара барысында ақпараттық парақшалар таратылып, тұрғындармен алдын алу әңгімелері жүргізілді. Төтенше жағдайлар департаментінің бөлім қызметкерлері ата-аналарды балалардың амандығы үшін әрдайым сақтық шараларын қатаң сақтау керектігіне шақырды.
Баланың өмірі мен қауіпсіздігі — баға жетпес құндылық. Сол себепті әр отбасы өз үйінде қауіпсіз орта қалыптастыруды басты назарда ұстауы тиіс.
