ЖСДП жылу тарифтері жүйесін қайта қарауды ұсынды, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.
Энергетик-сарапшы Юрий Страховтың айтуынша, тарифтің жыл сайын өсуіне қарамастан, жүйе сапасы айтарлықтай жақсармай отыр.
«Инвестициялық бағдарлама деген желеумен жиналған қаржы жаңа жабдықтарға емес, кеңсе мүліктеріне жұмсалуда. Бұл – ашық әділетсіздік», – деді ол.
Мамандар тұтынушыны тек төлеуші ғана емес, жүйенің үлескеріне айналдыруды ұсынды. Яғни, инвестиция ретінде жиналған қаржыға сәйкес тұрғындарға акция беру әділетті шешім болатыны айтылды. Бұрын бұл ұсыныс Павлодарда көтерілгенімен, монополист компаниялар қарсылық танытқан.
Жылыту жүйесіндегі жауапкершілік туралы ЖСДП Астаналық филиалының төрағасы Талғат Омаров сөз қозғады. Оның айтуынша, жылу алмастырғыштан кейінгі жабдықтарға (құбыр, насос, т.б.) МИБ немесе басқарушы компаниялар жауапты.
«ҚР АК 487-бабында тұтынушыға жылу бөлмедегі батареяға дейін жеткізілуі тиіс деп көрсетілген. Алайда іс жүзінде жылу алмастырғыш пункті мен үй ішіндегі тарату жүйелері МИБ (Мүлік иелері бірлестігі) немесе басқарушы компанияның құзырында болып отыр. Тұрғындар жүйенің қай бөлігіне кім жауапты екенін білмей жатады. Бұл қызмет көрсетушілердің негізсіз талап қоюына әкеліп соғады. Жауапкершілік нақты бөлінуі тиіс, тұтынушы өз ақшасының қайда жұмсалып жатқанын білуі керек», – деді ол.