«Қазыналы қарттарға құрмет»

Azattyq-news
4 Min Read

1 қазан – Халықаралық қарттар күні қарсаңында облыстың ардагерлері аймақтағы өндірістік, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жаңа жобаларға арнайы саяхат жасап, жүзеге асып жатқан істердің барысымен танысты.

Алдымен қариялар «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясына аялдады. Бұл – бір мезетте 500, ал тәулігіне 3 мыңға дейін жас өренді қабылдауға қауқарлы заманауи орталық. Мұнда балаларға арналған бассейн, фитнес және гимнастика залдары, үстел теннисі мен жекпе-жекке арналған бөлмелер қарастырылған. Сондай-ақ, сурет пен сәндік-қолданбалы өнерді үйрететін шеберханалар, робототехника мен жасанды интеллект кабинеттері, биотехнология, 3D модельдеу және киберспорт бағытындағы зертханалар жұмыс істейді. Жастардың шығармашылығы мен ғылымға деген қызығушылығын арттыруға барынша мүмкіндік жасалған.

Келесі аялдама – қаладағы ірі кәсіпорындардың бірі «Қызылорда-Нан» ЖШС өндірістік кешені болды. Мұнда нан-тоқаш, кондитерлік және макарон өнімдері шығарылады. Қазіргі таңда үш цех толық қуатында жұмыс істесе, алдағы уақытта печенье шығаратын жаңа желі іске қосылады. Өнімнің 30 пайызы кәсіпорынның жеке сауда желісі арқылы саудалануда, қалған бөлігі қала мен ауылдық елді мекендерге жөнелтіледі. Жобаға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, инфрақұрылым тартылған. Бүгінде зауытта 120 адам еңбек етсе, болашақта бұл сан 150-ге жетпек.

Ардагерлер үшін аса қызықты нысандардың бірі – жаңа жылу-электр орталығы болды. Түркияның «Aksa Energy» компаниясымен бірлескен жобаның қуаттылығы 240 МВт-қа жетеді. Құрылыс алаңына General Electric (АҚШ), Doosan Skoda (Чехия), AC BOILERS (Италия), Mimsan (Түркия) сынды әлемдік алпауыттардың қондырғылары жеткізілген. Қазір құрылыс жұмыстарының 80 пайызы орындалған. Биыл алғашқы газ турбиналық қондырғы мен екі жылу қазандығы іске қосылмақ, қалған бөлігі 2026 жылы пайдалануға беріледі.

Қазыналы қарттар сондай-ақ қалалық мәдениет және демалыс паркі мен Президент саябағындағы қайта жаңғырту жұмыстарын көрді. Жаңа коммуналдық базарды, «Қызылорда САЗ-М» кірпіш зауытын, музыкалық колледждің жаңа ғимаратын, физика-математика бағытындағы мектеп-интернатты және 11 мың орындық жаңа стадионды аралап шықты.

Мерекелік сапар соңында қала мен аудандардан жиналған ардагерлер үшін салтанатты жиын ұйымдастырылды. Жиында аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев ел ағалары мен ақ жаулықты аналарды мерекемен құттықтап, ізгі лебізін білдірді. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Азаматтардың әл-ауқатын арттырудың басым міндеті – зейнетақы жүйесін жетілдіру. Қажырлы ардагерлердің қоғамға үлесін ынталандыру маңызды. Халықтың орташа өмір сүру жасы 75-тен асты, бұл – әлеуметтік саясаттың жетістігі» – деген сөзін атап өтті.

Өңірде қарттарға жасалып жатқан қамқорлық ерекше. Соңғы үш жылда ардагерлерге берілетін бір реттік әлеуметтік көмектің көлемі бірнеше есе артқан. Мәселен, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне төленетін жәрдемақы 1,5 млн теңгеден 5 млн теңгеге дейін көтерілсе, оларға теңестірілгендер мен тыл еңбеккерлеріне 196 мың теңгеге дейін өсірілген. Биылдың өзінде 1700-ге жуық ардагерге 322 млн теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілді. Бұдан бөлек, «Сыр мейірімі» жобасы аясында 225 жалғызбасты қарт пен мүгедек күнделікті тегін түскі аспен қамтылуда.

«Қарты бар үйдің – қазынасы бар» дейді қазақ халқы. Бұл – ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі құрметтің көрінісі. Қариялардың өмірлік тәжірибесі, ақыл-кеңесі – кейінгі ұрпақ үшін жол көрсететін шамшырақ.

– «Мерейлі мерекеде баршаңызға денсаулық, амандық, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін. Сіздердің ел ішіндегі татулық пен бірлікті сақтаудағы рөлдеріңіз ерекше», – деді аймақ басшысы өз құттықтауында.

Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру