Депутат Ардақ Назаров ажырасқан азаматтарға салықты көбейту қажеттігін айтты, деп хабарлайды “Азаттық-Ньюс” Ақпараттық агенттігі.
Қазақстандағы ажырасу көрсеткішінің көбейгенін тілге тиек еткен мәжіліс депутаты Ардақ Назаров Премьер-министр Олжас Бектеновке отбасы институтын нығайтуға байланысты сауал жолдады.
Шенеуніктің сөзінше, 2023 жылы Қазақстанда 120,8 мың неке тіркеліп, оның 40,2 мыңы ажырасқан. Ал қазіргі таңда 400 мың әйел мен 60 мың ер адам жалғыз басты ата-анаға айналып отырғанын айтты ол.
Ажырасуға өтініш берген кезде арнайы мемлекеттік баж төлеу жүйесін енгізу қажет. Бұл төлемнің мөлшері жоғары болуы керек. Бұдан бөлек, ресми түрде ажырасқан азаматтарға салынатын табыс салығының мөлшерін біртіндеп арттыру тетігін қарастыру қажет, – деді депутат.