Қазақстанда алғашқы суперкомпьютер пайдалануға берілмек, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.
Бұл туралы «Қазақтелеком» басшысы Бағдат Мусин әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді. Оның сөзінше, суперкомпьютер небәрі 10 күн ішінде жұмыс істей бастайды.
Бағдат Мусин жаңа құрылғының қаптамасын ашу сәтінен фото және видео жариялап, оның мүмкіндіктері жайлы айтып өтті. Суперкомпьютер Алматыдағы деректер орталығына орнатылып жатыр.
«Бұл жүйе техногендік апаттар мен түрлі қатерлерді алдын ала модельдеуге, қалалардағы көлік қозғалысын бірнеше жыл бұрын болжауға, дәрігерлерге диагноз қоюда көмек көрсетуге және ірі тілдік модельдерді оқытуға мүмкіндік береді», — деп жазды Мусин.
Суперкомпьютердің өнімділігі – 2 экзафлопс, бұл бүгінгі таңда әлемдік деңгейдегі қуатқа тең. Құрылғы NVIDIA-ның жаңа H200 графикалық чиптерімен жабдықталған.
Айта кетейік, мұндай қуатты есептеу ресурстары бүгінде жасанды интеллект, ғылым, энергетика, медицина және көлік сияқты салаларда кеңінен қолданылады. Бағдат Мусиннің айтуынша, суперкомпьютер ресурстары баршаға қолжетімді болады.