Алматы мен Байқоңырда өтіп жатқан Space Days Kazakhstan 2025 халықаралық ғарыш форумында New Spaceport жобасы таныстырылды.
Жоба аясында шағын әрі заманауи көп мәрте қолдануға болатын көлік жүйесін құру жоспарланған. Бұл жүйе ғарыш аппараттарын орбитаға шығарып, жүктемелерді қайтадан жерге жеткізе алады. Тұжырымдаманы «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» АҚ, жеке Aspire Launch Ltd компаниясы және «ҚазАқ Инвест» ұлттық компаниясы бірлесіп ұсынды. Сонымен қатар, шетелдік инвесторларға жасалатын қолдау шаралары ерекше атап өтілді.
Kazakh Invest өкілі Жамалдин Надыровтың айтуынша:
Қазақстандағы инвестициялық жобаларға салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, қарапайым жобалар үшін шикізат пен материалдар импортына қосылған құн салығынан бес жылға дейін босату көзделген. Ал басым жобаларға жеңілдіктердің ауқымы кеңейеді: жабдықтар мен шикізатқа баж салығын алып тастау, инвестиция көлемінің 30%-ына дейін жер, ғимарат немесе техника түрінде мемлекеттік грант бөлу, корпоративтік, табыс, жер және мүлік салығынан босату мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, шетелдік жұмыс күшін тарту тәртібі жеңілдетіледі – нысан іске қосылған алғашқы жылы инвесторларға квота да, арнайы рұқсат та қажет емес.
Әлемдік нарықта зымыран-тасығыштарға сұраныс артып отырған шақта және Ресейдің ғарыштық бағдарламасына қатысты белгісіздік жағдайында бұл бастама Қазақстан үшін үлкен мүмкіндік саналады. Жоба Байқоңырды жаһандық ғарыштық экономиканың бір бөлігі ретінде, бірақ қазақстандық юрисдикция аясында дамытуға жол ашпақ.
Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов Ресей жалға алған аумақтан шығарылған 1747 шаршы шақырым жерді арнайы экономикалық аймақ ретінде дамыту жоспарын жариялаған болатын. Бұл аумақта отандық және шетелдік ғарыштық стартаптар өз жобаларын жүзеге асырады.
