Бүгін Шиелі кентіндегі «Арман» мәдениет үйінде ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбековтың аудан тұрғындарымен кездесуі өтті, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.
Кездесу еркін форматта, сұрақ-жауап түрінде өтті.
Аудан тұрғындары ауылдарды дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту, тұрғын үй, әлеуметтік нысандар, жолдар және инженерлік желілер құрылысы бойынша өз пікірлерін ортаға салды.
Әрбір ұсыныс назарға алынып, тиісті жауаптар берілді.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында Шиелі кентінің орталығындағы бизнес-инкубатор ғимаратында бүгінгі таңда жеңілдетілген несие мен мемлекеттік қолдау алған, жалпы сомасы 70,1 млн теңгені құрайтын 5 кәсіпкер өз өндірісін бастап, жұмыс жүргізуде. Бұл шағын өндіріс орталығы аудан кәсіпкерлерінің бастамаларына серпін беріп отыр.
Жалпы, «Ауыл аманаты» жобасы арқылы соңғы 3 жылда Шиелі ауданында жалпы құны 968,1 млн теңге болатын 135 жоба қаржыландырылып, жаңа жұмыс орындары ашылып, ауыл кәсіпкерлігі жаңа белеске көтерілді.