Бүгін облыстық ауыл шаруашылық және жер қатынастары басқармасының басшысы Дүйсебаев Талғат Тұрсынұлы партия алаңында қоғамдық қабылдау өткізді, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.
Қабылдауға келушілер ауыл шаруашылығы саласы бойынша кәсіп ашу және шаруа қожалықтарын дамыту мақсатында мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектер, жерді пайдалану тақырыптарында өтініштерін білдірді.
Басқарма басшысы мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын қолдауға арналған бағдарламалар мен “Ауыл аманаты” жобасы жайлы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Ауылдық жерде тұрғылықты тұратын тұрғындардың кәсіп ашуына 2,5 пайыздық несие алу мүмкіндіктері бар екенін және егін шаруашылығы бойынша шығындардың орнын өтеу, субсидиялау, мал шаруашылығы үшін азық қорын толтыру үшін берілетін көмектер мен жеңілдіктер жайлы атап айтты.
Ауыл шаруашылық мақсатында жер телімі болса «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы несие алу мүмкіндігі бар екендігі, несие пайызының тек 6%-ын өтініш иесі, қалған 15%-ын мемлекет төлейтіні, мал құны және түріне қарай кепілдікке қоятын жер телімінің көлемдері туралы түсіндірме берілді.
Карьер ашу туралы өтініш бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, қай жерде қандай карьер бар екенін ең алдымен облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы зерттеу жүргізіп, нақтылайтыны айтылды. Кәсіпкерге осы бағыттағы қызметке лицензия беру, жерді пайдалануға рұқсат беру жайлы мемлекеттік қызмет көрсету заңдылықтары түсіндірілді.