Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес, облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешевтің төрағалығымен “Ауыл аманаты” жобасының жүзеге асырылу барысы талқыланған мәжіліс өтті, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.
Басқосуға жауапты сала басшылары қатысты, қала және аудан әкімдері селекторлық режимде қосылды.
Облыс әкімінің орынбасары аталған жобаның маңыздылығына тоқталды.
“Өткен аптада аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы қала, аудан әкімдеріне жұмысты ширатуды, шағын өндірістік жобаларды ұсынуды тапсырды.
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы Қызылорда қаласы және аудан әкімдерімен бірлесіп, шағын өндірістік жобаларды аталған бағдарламамен «Байқоңыр» ӘКК арқылы қаржыландыруды жүйелеуі керек. Бұл ретте ұсынылған жобаларды дереу қаржыландыру өте маңызды. Осы айдың соңына дейін жобалар бойынша жұмыс басталып кетуі қажет. Өңірлік инвестициялық орталық қаражат бөлді. Несиелендіруді қатаң бақылауда ұстауды тапсырамын”, – деді Ардақ Зебешев.
Жиында облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев атқарылған жұмыстардың есебін берді.
Жалпы биылға «Ауыл аманаты» жобасына 4,6 млрд. теңге қаралған. Жоспар бойынша 575 жобаны жүзеге асырып, 610 жұмыс орнын ашу көзделуде.
Бағдарламаға барлық елді мекенді бірдей қатыстыру үшін қаралған қаржы халық санына қарай тепе-тең бөлінуі тиіс. Осылайша облыстың 146 ауылдық округін қамту жоспарлануда.
Ауылдардың мамандануын ескере келе, несие қаржысы 4 бағытқа бағытталады. Атап айтсақ, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласына 108, егіншілік саласына 81, мал шаруашылығына 123 және түрлі бағыттағы 263 жоба.
Сонымен қатар, 27 ауыл шаруашылығы кооперативін құру көзделген. Әр ауданда кем дегенде 2-3 кооперативтен құрылып, олар өңдеумен, егін, мал шаруашылығымен айналысады.
Бүгінгі күнге жоспарланған қаржының 1 млрд теңгесі «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына аударылды. Құжаттар 12 тамыздан бастап қабылданады.
«Amanatnesie.kz» порталымен жұмыс жасау инструкциясы барлық аудандарға жолданды.