Қала көркі мен тұрғындардың өмір сапасын арттыру – бүгінгі күннің басты межесі. Осы бағытта аймақ басшысының қолдауымен Қызылорда қаласында аулаларды абаттандыру және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл бастама – елді мекеннің еңсесін көтеріп, тұрғындардың тұрмыс деңгейін жақсартуға бағытталған маңызды жоба.
Жоспарға сәйкес, қала аумағында 19 шағын футбол алаңы, 25 жаттығу аймағы, 21 балалар ойын алаңы, 15 аулаішілік шаруашылық аймағы мен 13 демалыс орны салу көзделген. Әрбір нысан заман талабына сай жабдықталып, сапа мен қауіпсіздікке ерекше мән берілуде. Мұндағы басты мақсат – тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасап, балалар мен жасөспірімдердің спортқа, салауатты өмір салтына бейімделуіне жол ашу.
Абаттандыру жұмыстарының бір көрінісін «Универсам» мөлтек ауданындағы Бектұрғанов көшесі №13 үйдің ауласынан көруге болады. Бұл жерде «Еңбек Қызылорда» мекемесі балаларға арналған заманауи ойын алаңын салуда. Жобаның ерекшелігі – әрбір әткеншек пен сырғанақтың айналасына қауіпсіздік төсеніштері төселіп, түнгі жарық шамдары орнатылып жатыр. Мұндай ұқыптылық балалардың жарақат алмауын, ал ата-аналардың алаңсыз болуын қамтамасыз етеді.
Қала тұрғындарының айтуынша, бұрын бұл аулада бос жер мен ескі орындықтар ғана болған. Ал бүгінде мұндағы көрініс мүлде бөлек – түрлі түсті ойын жабдықтары орнатылып, жасыл желек егілуде. Кешқұрым шамдар жанып, балалардың күлкісі мен ата-аналардың әңгімесі аулаға жылылық сыйлайды.
Бұл игілікті істердің барлығы – қала әкімдігі мен жауапты мекемелердің үйлесімді еңбегінің нәтижесі. Аулаларды жаңғырту арқылы тұрғындарға қолайлы жағдай жасалып, қоғамның әлеуметтік бейнесі де жақсарып келеді. Жоба аясында тек ойын алаңдары ғана емес, тазалық пен тәртіпті сақтау, жасыл аймақты көбейту, қалдықтарды сұрыптау мәдениетін қалыптастыру сынды міндеттер де назардан тыс қалмаған.
Қаладағы әрбір жаңа нысан – тұрғындарға деген қамқорлықтың белгісі. Бұл жұмыстар жалғаса бермек. Ал тұрғындардың ризашылығы мен балалардың шат күлкісі – осы еңбектің ең үлкен жемісі.
