Бүгін Үкімет отырысынан кейін аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен кеңейтілген мәжіліс өтіп, онда 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қаралды.
Негізгі көрсеткіштер оң динамикада
Кеңесте ауданның өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс және инвестиция тарту бағыттарындағы нәтижелер жан-жақты сараланды.
Аудан экономикасының өсім қарқыны тұрақты сақталып отыр.
2025 жылдың тоғыз айында ауданның өнеркәсіп кәсіпорындары 77,3 млрд теңгенің өнімін өндірген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 78,4 пайызға жоғары көрсеткіш. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің үлесі 11 млрд теңгені құрап отыр.
Ауыл, орман және балық шаруашылығы салалары да айтарлықтай жетістік көрсеткен. Жыл басынан бері өндірілген жалпы өнім көлемі 20,5 млрд теңгеге жетіп, жоспар 101,1 пайызға орындалған.
Инвестиция мен құрылыс саласы қарқын алды
Аудан экономикасына 52,3 млрд теңге инвестиция тартылып, бұл бағыттағы жұмыстардың жанданғанын көрсетті.
Биылғы жылдың тоғыз айында 20,5 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Бұл – жылдық жоспардың 101,3 пайыздық орындалуы.
Сондай-ақ, құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі 17,8 млрд теңгеге жетіп, 101,6 пайызға артқан.
Аудан басшысы Берік Әбдіғаппарұлы инвестиция тарту ісінің экономикалық дамудағы маңызына тоқталды:
– Біз ауданға инвестиция тарту жұмыстарын күшейтуіміз қажет. Бұл – жаңа өндірістер мен жұмыс орындарының ашылуына жол ашады, ауданның дамуына серпін береді, – деді әкім.
Сауда және қызмет көрсету саласы тұрақты деңгейде
2025 жылдың 1 қазанына бөлшек сауда айналымының көлемі 2,3 млрд теңгеге жетіп, жоспар толық орындалды. Бұл – халықтың сатып алу қабілеті мен кәсіпкерлік белсенділігінің сақталып отырғанын аңғартады.
Коммуналдық жүйелерге ерекше назар
Жиында әкім аудан тұрғындарын үздіксіз жылумен, жарық және сумен қамтамасыз ету мәселелеріне де тоқталды.
Берік Сәрменбаев коммуналдық қызметтер сапасының маңызын атап өтіп:
– Қысқы маусымда ешқандай ақау мен үзіліс болмауы тиіс. Барлық мекемелер алдын ала дайындықты күшейтіп, жауапкершілікпен қарасын, – деді.
Қорытынды тапсырмалар
Кеңес соңында аудан әкімі сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, жыл соңына дейін әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді толық орындау қажеттігін атап өтті.
Әкімнің айтуынша, қазір – жылдық межені қорытындылап, келесі жылдың жаңа мақсаттарын айқындайтын маңызды кезең.
