«Апаттар медицинасы орталығы» мемлекеттік мекемесінің негізгі мақсаты – күнделікті ақпарат алып, облыс көлемінде төтенше жағдай кезінде халыққа жедел медициналық көмектің көрсетілуін қадағалау, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.
Төтенше жағдай туралы ақпараттарды Денсаулық сақтау басқармасына, Төтенше жағдай департаментінің «Бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызмет басқармасына», Республикалық «Апаттар медицинасы орталығына» жедел беріп отырады. Биыл бұл орталықтың құрылғанына – 30 жыл. Осы жылдар аралығында ел-жұртпен етене байланыс жасап, қиналғанға көмек көрсетті. Мереке қарсаңында ҚР ТЖМ Апаттар медицинасы орталығы филиалының бөлім басшысы Нұрбол Сауытбаев орталықтың атқарған жұмыстарын мәлімдеп берді.
– Кезекшілік тәуліктің кез келген уақытында жол көлік оқиғаларының және өзге де табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың медициналық-санитариялық салдарларын жою кезінде шұғыл медициналық көмек көрсету, сондай-ақ ТМҚП-ға азаматтардың өздері жүгінген кезде шұғыл медициналық көмек көрсетеді. Қызылорда облысында осындай 3 трассалық медициналық құтқару пункттері ашылып жұмыс жасауда.
«Самара-Шымкент» тас жолының 1913 шақырымында Бәйгеқұм елді мекенінің тұсынан,
«Самара-Шымкент» тас жолының 1662 шақырымында Иіркөл елді мекенінің тұсынан, сондай-ақ, Әйтеке би елді мекенінің тұсынан «Әйтеке би» трассалық медициналық құтқару пунктері жұмыс жасап, оң нәтиже беруде. Осындай ізгі істердің ізінде жүрген әріптестерімді айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын,- деді Нұрбол Базарбайұлы.