«Алтын күз – 2025»: Сырдариялықтардың еңбегі бағаланды

Azattyq-news
2 Min Read

Бүгін Сырдария ауданында өткен салтанатты жиында ауыл шаруашылығы саласының үздіктері марапатталды. Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен «Руханият» орталығында өткен жиында «Алтын күз – 2025» облыстық іс-шарасына белсене қатысып, жоғары деңгейде өткізуге үлес қосқан бірқатар азаматтарға облыс және аудан әкімдерінің Алғыс хаттары табысталды.

Ауыл шаруашылығы – береке бастауы

Аудан басшысы өз сөзінде ауыл еңбеккерлерінің маусымдық жұмыстарды табысты аяқтап, облыстық деңгейдегі шараларда ауданның абыройын асқақтатқанын ерекше атап өтті.

– Өздеріңіз білесіздер, қазан айының 17-18 күндері Қызылорда қаласының 100 жылдығына және «Алтын күз» мерекесіне орай ауқымды іс-шаралар өтті. Осы мерекелік күндерде Сырдария ауданының еңбек адамдары үлкен ұйымшылдық танытып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін жоғары деңгейде ұйымдастырды. Сол еңбектеріңіздің арқасында ауданымыз «Егін шаруашылығы бойынша озат аудан» атанды. Бұл – баршамыздың ортақ жетістігіміз, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Қызылорда төріндегі сырдариялық сапа

Мереке күндері Қызылорда қаласындағы «Мәңгілік алау» алаңында ұйымдастырылған аудандық ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі тұрғындар тарапынан зор ықыласқа ие болды. Көрме-жәрмеңкеде Сырдария ауданының шаруашылықтары өндіретін экологиялық таза өнімдер, астық және бақша дақылдары, сүт пен ет өнімдері ұсынылды.
Қала тұрғындары өнімдердің сапасына жоғары баға беріп, ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.

Еңбек адамдарына – құрмет

Жиын барысында аудан әкімі саланың дамуына елеулі үлес қосқан мамандарға алғыс білдіріп, олардың табанды еңбегі мен кәсібилігін ерекше атап өтті.
Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктер арқылы Сырдария ауданы өңірдің экономикалық және әлеуметтік дамуына зор үлес қосып отырғанын айтты.

Жаңа мақсаттар – жаңа міндеттер

Марапаттау рәсімінен соң Берік Сәрменбаев алдағы уақытта ауданда өткізілетін «Алтын күз – 2025» мерекелік шараларын да жоғары деңгейде ұйымдастыру жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Аудан әкімі ұжымдық еңбектің арқасында ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеріп, өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға шақырды.

Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру