Бүгінгі жәрмеңке қала тұрғындарын әлеуметтік жағынан қолдау мақсатында ұйымдастырылды, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.
Жәрмеңкеге ет және түрлі азық-түлік тауарлар көп мөлшерде жеткізілді.
Қармақшыдан әкелінген тауарлар тұрғындарға қолжетімді бағада Қызылорда қаласы Журба көшесінде (С. Романов пен М. Саламатов көшелерінің аралығы) сатылып жатыр.
Арал ауданынан 30 автокөлікпен 75 тоннадан астам өнім әкелінді. Молшылық шарасына ауданның табиғат пайдаланушылары, шаруа қожалықтары, қала, кент, ауылдық округтерінен және басқа да жеке кәсіпкерлер тарапынан 3,9 тонна ет өнімдері (сиыр еті 2100-2200 тг., жылқы еті 2300-2400 тг), 16 тонна балық және балық өнімдері (мөңке, сазан 1200-1700 тг.), 1 арнайы автокөлікпен 2 тонна тірі балықтар, 1 тоннаға жуық сүт және сүт өнімдері (шұбат 800-900 тг), 400 дана тауық еті, 55 тонна бақша және көкөніс дақылдары, 3 тонна ас тұзы және тұз өнімдері (ас тұзы 65-70 тг) және 60-қа жуық қой, тоқты малдары (35000-50000 тг) жеткізіліп, қала тұрғындары үшін нарық бағасынан төмен бағада ұсынылды.
Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне жиналған халыққа аралдықтар 80 тоннадай өнім әкелсе, дәл қазір көп бөлігі сатылып кетті.
Теңізді өлкенің шаруалары 20 тонна балық өнімдері, 10 тоннадан астам картоп, пияз, 45 тонна қауын, қарбыз, 4 тонна ет өнімдері, 1 тоннадай сүт өнімдері, 3 тонна ас тұзы, 125 бас тоқты жеткізді.
Ала жаздай бел жазбай еңбек еткен жаңақорғандық диқандар жәрмеңкеге келіп, өз өнімдерін халыққа ұсынуда. Мұнда Жайылманың қауын, қарбызынан бастап тұрғындарға қажетті кез келген азық-түлік өнімдерін табуға болады.
Жәрмеңкеге Жаңақорған ауданынан жалпы көлемі 55 көлікпен, 200 тоннаға жуық ауыл шаруашылығы өнімдері әкелінді. Оның ішінде бақша өнімдері, күріш және ет, балық, жеміс-жидектің түр түрі бар.
Қызылорда қаласында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп жатыр. Оған әр ауданның диқандары өз өнімдерін алып келіп, қызылордалықтарға ұсынды.
Сырдария ауданынан жеңілдетілген бағамен 45 көлікке тиелген азық-түлік тауарлары келді. Мұнда тұрғындар қарбыз-қауын, жеміс-жидек, күріш, сүт өнімдері мен балық өнімдерін алып, сауданы қыздырды.
Барлығы 156 тонна өнім 50 көлікпен жеткізілді. Оның ішінде 27 тонна күріш, 60 тонна картоп, сәбіз, пияз, 15 тонна асқабақ, 45 тонна бақша, 3 тонна ет өнімдері, 5 тонна көкөніс пен жемістер, 2 тоннадан астам бакалея өнімдері бар.