Алматыда жоғалған қыздың денесі қар астындағы сөмкеден табылды, деп хабарлайды “Азаттық-Ньюс” Ақпараттық агенттігі.
Алматы облысы Қырбалтабай ауылының 26 жастағы тұрғыны Айша Хамит 26 қарашада Алматыға құрбысының туған күніне кеткен. Кешке әпкесіне жігіті алып қашып кеткенін жазған. Алайда Айшамен байланыс содан кейін үзілген. Телефоны өшіп қалған соң жақын туыстары іздеуді бастаған.
Айшаның әпкесінің сөзінше, жігіт қызға несие алдырып қарыз болған.
«Соңғы кездесуінде Айша жігіттен ақшаны қайтаруды, егер қайтармаса бәрін ата-анасына айтатынын, арыз жазатынын айтқан. Сол кезде жігіт оны өлтіріп, қыздың денесін дачаға көміп тастаған. Қыздың сөмкеге салынған денесі екі айдан кейін дачада, қар астынан табылды», — дейді әпкесі Асия Хамит.
Айша Хамит мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген. Аурушаң әпкесіне қарайласып жүрген.
19 жастағы күдікті жігітпен емшіге барған кезде танысыпты. Ер адам алғашында қызға көңіл білдіріп, одан соң 2 миллион теңге көлемінде несие алғызған.
Ұсталғаннан кейін ол қылмысын мойындамай, кейін қыздың мәйітін қайда көмгенін көрсеткен.
Қазіргі таңда адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті 15 жылға сотталуы мүмкін.