Қаланың тыныс-тіршілігіне жаңа серпін: демалыс орны жаңғыртылуда

Azattyq-news
1 Min Read

Қала тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізіп, отбасымен тынығып, серуендеуге қолайлы орындар құру – қазіргі күннің басты талаптарының бірі. Осы мақсатта аймақ басшысының бастамасымен қаладағы саябақтар мен сквер-аллеялар кезең-кезеңімен қайта жаңғыртылуда.

Бүгінде жөндеу жұмыстары «Қорқыт ата» скверінде қарқынды жүріп жатыр. Қаланың көркіне сән қосып қана қоймай, тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналатын бұл аумақты абаттандыруды «Астана сервис Ltd» ЖШС жүзеге асыруда.

Жобаның ауқымы кең. Сквер аумағында 157 орындық орнатылып, демалушылар үшін жайлы жағдай жасалмақ. Сонымен қатар, 100 қоқыс жәшігінің қойылуы тазалық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Кешкі уақытта саябақ шамдары жарқырап тұруы үшін 85 жарық бағанасы орнатылып жатыр. Ал серуендеушілерге ыңғайлы болу үшін 9 500 шаршы метр аумаққа сапалы брусчатка төселуде.

Тұрғындардың ерекше қуанышын тудырар жаңалық – бұл жерде балаларға арналған ойын алаңы, сәнді субұрқақ және серуендеуге қолайлы саябақ аймағы бой көтеруде. Мұндай өзгерістер қала тұрғындарына жайлы орта сыйлап қана қоймай, экологиялық әрі мәдени кеңістіктің қалыптасуына да жол ашады.

Абаттандыру жұмыстарының аяқталуы жақын күндерде күтілуде. Жаңарған «Қорқыт ата» сквері қала тұрғындары мен қонақтары үшін шынайы демалыс мекеніне айналып, шаһардың сәулеттік келбетіне тың серпін қосатыны сөзсіз.

Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру