Соңғы уақытта өзге адамның әлеуметтік желідегі аккаунтын пайдаланып, қаржылай көмек сұрайтын алаяқтардың әрекеті күшейіп кетті, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.
Астыртын әрекетін жүзеге асырудың да жолы оп-оңай. Мұндай алаяқтардың арбауына түскендердің де қатары көбейген. Биылғы жылдың 7 ай мерзімінде 501 алаяқтық қылмыс тіркеліп, оның 245 өндірістен аяқталған. Бұл туралы облыстық Полиция Департаменті Криминалдық полиция басқармасының Аға жедел уәкілі полиция подполковнигі Тимур Хамитов айтып берді.
– Талдау көрсеткендей, жалпы тіркелген алаяқтықтың 40,2% интернет-алаяқтық қылмыстары құрап отыр. Интернет-алаяқтық қылмыстарын ашу өзекті мәселелердің бірі болғандықтан, осы бағытта жүйелі жұмыс ұйымдастырып, қылмыстарды ашуға бағытталған шаралар қабылдау мақсатында Департамент бастығының бұйрығымен тергеу және криминалды полиция бөліністерінің тәжірибелі қызметкерлерінен жасақталған тұрақты «Киберпол» жедел-тергеу тобы құрылып, жұмыс жасауда. Департаменттің мүдделі қызмет салаларымен алаяқтық қылмыстарының алдын алу мақсатында біршама шаралар жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта қала көлеміндегі базарлар мен басқа да ірі сауда орталықтарының төлем кассаларында интернет-алаяқтықтан сақтану жөніндегі анықтамалық жадынамалар халыққа берілуде,- деді Тимур Хамитов.