«Күнделікті киетін киіміміз арқылы ұлттық болмысымызды айшықтауға болады» дейді «Әрекетке берекет» айдарының кезекті кейіпкері Жазира Рамазан, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.
Бүгінде кәсіпкер «QOLONER BREND by Zhazira Ramazan» брендімен түрлі дизайндағы қазақтың ұлттық нақыштағы киімдерін тігуде.
Биыл қала тұрғыны «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде 1 476 800 теңге көлемінде мемлекеттік грантқа ие болып, түрлі құрал-жабдықтар сатып алған. Осылайша, ісінің алға басуына серпін берген мемлекеттік бағдарламаның қолдауын сезінді.
Шебердің айтуынша түсі, түрі келіскен, сапалы ұлттық киім-кешекке тапсырыс көбіне әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы қабылданады. Ұлттық киімді фотосессия жасауға немесе мерекелік іс-шараларға киюге жалға береді.
Этностильдегі киімнен бөлек, шүберек сөмке, жастықтардың да түр-түрін тігетін кәсіп иесі болашақта кәсібін үлкейтіп, емдік көрпелер әзірлейтін шеберхана ашқысы келеді. Ол үшін кәсіпкер 5 миллион теңгеге дейін берілетін мемлекеттік грантқа қатысуды жоспарлап отыр.